Павлодарда Шәкәрім оқуларының облыстық кезеңі өтті

Павлодарда Шәкәрім оқуларының облыстық кезеңі өтті

Білім додасында облыстың жалпы білім беретін және мамандандырылған мектептерінің 8-11-сынып оқушылары қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жас өрендер төрт номинация бойынша сынға түсті.  Қалалық, аудандық оқу кезеңдерінің жеңімпаздары, соның ішінде Павлодар қаласының  А. Бөкейхан атындағы мектеп-лицей, № 40, Қ. Бекқожин, М. Жүсіп атындағы, Б. Момышұлы атындағы мектептерінің бес оқушысы бақ сынады.

Облыстық білім беру басқармасының «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы шығарған облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша қаланың жалпы білім беретін мектептерінің барлық оқушылары жүлделі орындарға ие болды.

«Шәкәрім әлемі» номинациясында - «Үш анық» шығармасындағы адамгершілік, имандылық мәселесі» атты эссе жазуда ІІ орынды  Ә. Бөкейхан атындағы мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Солтанмұрат Аяулым иеленді. 

Ол негізгі авторлық идеяны, кейіпкерлердің бейнелерін сауатты жеткізе алды, терминдермен, мысалдармен дәлелдеп, пайымдауда дәйектілікті сақтай білді, – дейді ұйымдастырушылар. 

«Мен жаздым өлеңменен бірталай сөз» номинациясында М. Жүсіп атындағы мектептің 7-сынып оқушысы Зиада Данагүл, «Ән - өлшеуіш, өлең - күміс» номинациясында Б. Момышұлы атындағы мектептің 8-сынып оқушысы  Інжу Рахым марапатталды. Олар Шәкәрімнің «Қарақөз», «Бұл ән бақалардан  өзгерек» әндерін орындады.

«Ән - өлшеуіш, өлең - күміс» номинациясында «Арыңның болсын бір өлең айнасындай» әндерімен III орынды № 40 мектептің 7-сынып оқушысы Хайрол Ерасыл иеленді. Жас ақындар байқауында Қ. Бекқожин  атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Мұрат Заңғар ие болды. Оның жинағында 20-ға жуық өлең бар.