Павлодар облысының балабақшаларында бір балаға қанша қаржы бөлінеді
Жалпы облыста 37 766 бала контингенті бар 381 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасы хабарлағандай, 2023 жылы қалада бір балаға мемлекеттік тапсырыс сомасы 46 189 теңгені, ауылдық жерде – 50 933 теңгені құрайды.
- Мемлекеттік білім беру тапсырысы 30 589 орындық 144 мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымда, 1170 баланы қамтитын 12 жекеменшік балабақшада орналастырылған. Мемлекет жекеменшік балабақша шығындарын ішінара жабатын ата-ана төлемінің құнын өтеу үшін жеке балабақшаларды арнайы қаржыландырумен қамтамасыз етеді, - дейді басқарма өкілдері.
Бірден алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамтуды арттыру мақсатында 2020-2022 жылдары 1010 орындық жеті балабақша пайдалануға берілді. 2027 жылға дейін 1300 орындық қосымша алты мектепке дейінгі ұйымды пайдалануға беру жоспарланған.
Мектепке дейінгі ұйымдарға жолдама беру және кезекке қою жөніндегі мемлекеттік көрсетілетін қызмет толығымен автоматтандырылған. Павлодар облысында Indigo24.kz ақпараттық жүйесі бойынша Павлодар қаласы, Ақтоғай ауданы жұмыс істейді, balabaqsha.snation ақпараттық жүйесі бойынша қалған қалалар мен аудандар.
Мектепке дейінгі тәрбиемен және қазақ тілінде оқытумен қамтылған балалардың жалпы саны 21 466 баланы немесе жалпы санынан 63,3%-ды құрайды.
Төрт жыл бойы мектепке дейінгі ұйымдардың барлық мектепалды топтарында оқыту тіліне қарамастан, мемлекеттік тілде «Өлкетану» бірыңғай өңірлік вариативтік компоненті енгізілді. Бүгінгі таңда «Өлкетану» вариативті компонентін мемлекеттік тілде 687 мектепалды даярлық топтары мен сыныптарында 10974 бала оқиды.
Фото: Константин Шелков