Павлодарда Әлихан Бөкейхановтың 160 жылдығына арналған дебат турнирі өтуде
Екі күн бойы студенттер елдік мәселелерді талқылауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
С.Торайғыров университетінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейхановтың 160 жылдығына арналған республикалық пікірсайыс бәсекесі өтуде. Зияткерлік додаға еліміздің тоғыз өңірінен келген 32 команда, яғни 64 студент жиналды. Жастар екі күн бойы саясат, философия және экономика тақырыптарын талқылап, өзара мықтыны анықтайды.
Жарысты білім ордасының Президент дебат клубы ұйымдастырды. Студенттер Британдық парламенттік және Линкольн–Дуглас форматтары бойынша бақ сынайды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, додаға қатысуға 70-тен астам команда өтініш білдірген. Іріктеу кезінде үміткерлердің жетістіктері, өңірлік өкілдігі мен дебаттағы тәжірибесі ескерілген. Нәтижесінде 15-тен астам жоғары оқу орнының командалары жолдама алды.

Президент дебат клубының төрағасы Данияр Назымбек мұндай бастамалардың жастардың сыни ойлау қабілетін жетілдіріп, қоғамдық-саяси белсенділігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
– Бұл – жыл сайын өткізілетін дәстүрлі республикалық турниріміз. Пікірсайыс арқылы жастар болашақ өміріне қажетті қабілеттерді меңгереді. Қазіргі саясатта жүрген көптеген министрлер мен депутаттар кезінде дебаттан шыққан. Біз осындай студенттік жобалар арқылы болашақта Қазақстанға ықпалы бар, шешендік қабілеті жоғары азаматтарды тәрбиелей аламыз деп үміттенеміз, – деді ол.
Сайыстың ашылуында сөз сөйлеген жастар саясаты және әкімшілік қызмет жөніндегі басқарма мүшесі, проректор Индира Оралханова пікірталас мәдениетінің жас буынның қалыптасуындағы маңызына тоқталды.
– Мен дебатқа қатысатын жастар Қазақстанның болашақ элитасы болады деп сенемін. Себебі пікірсайыс пен осындай нетворкинг жастардың ой-өрісін кеңейтіп, өз пікірін дәлелдеуге және сыни тұрғыдан ойлауға үйретеді. Осындай орта арқылы болашақ қазақстандықтар қалыптасады, – деді Индира Оралханова.
Әр ойынның тақырыбы басталуына 15 минут қалғанда ғана жарияланады. Осы уақыт ішінде командалар өз ұстанымдарын қалыптастырып, дәлелдерін әзірлейді. Бір кезеңде төрт команда, яғни сегіз спикер өнер көрсетеді. Әрқайсысына өз позициясын қорғау үшін жеті минут 15 секунд беріледі.
Бәсекеге университет түлектері де төреші ретінде атсалысып жатыр. Солардың бірі – Торайғыров университетінің түлегі, дебат саласында сегіз жылдан астам тәжірибесі бар Аяулым Нұрсейітова. Оның сөзінше, қазылар алқасы екі тараптың да уәждерін салыстырып, дәлелдердің негізділігі мен сенімділігіне басымдық береді.
– Төрешіліктің өзіндік жауапкершілігі бар. Біз берілген тақырып бойынша екі тараптың да ұстанымын қарастырып, объективті шешім қабылдауымыз керек. Әр аргументтің қаншалықты шынайы әрі сенімді екеніне, студенттің оны қалай қорғап шыққанына мән береміз, – деді ол.

Республикалық додаға өзге қалалардан келген студенттер де белсенді қатысуда. Семей қаласындағы Шәкәрім университетінің бірінші курс студенті Рүстем Ақынтаев бұл жарысқа екінші рет келіп отыр. Оның айтуынша, өткен жылғы кездесуден алған әсері биыл да бақ сынауға түрткі болған.
– Өткен жылы да осы турнирге қатысқанмын. Ұйымдастырушылық деңгейі мен жарыстың атмосферасы ерекше әсер қалдырды. Биыл тағы келіп, сол сезімді қайталағым келді. Бұл жолы финалға шығып, жеңіске жетемін деген үмітім бар, – деді студент.
Ал Қарағанды облысынан келген Балжан Ерен үшін бұл – студенттік деңгейдегі алғашқы республикалық жарыс. Ол мектеп қабырғасынан бері пікірсайыспен айналысады. Қазір Сәтбаев атындағы университеттің «Самұрық» дебат клубында өнер көрсетеді. Жас спикер командасымен бірге жүлделі орынға қол жеткізуді көздеп отыр.
Байқау қорытындысында үздік командалар мен спикерлер бірнеше номинация бойынша марапатталады. Командалық есепте бірінші орын иегерлеріне 200 мың теңге, финалистерге жалпы сомасы 300 мың теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, бірінші курс студенттеріне арналған «Жастар финалы» лигасы өткізіліп, «Үздік спикер» анықталады. Арнайы номинация жеңімпаздарына 60 мың теңге табысталады. Жалпы жүлде қоры – 560 мың теңге.
Ұйымдастырушылардың негізгі мақсаты – жастардың зияткерлік әлеуетін дамыту, пікір алмасу мәдениетін қалыптастыру және Әлихан Бөкейхановтың қоғамдық-саяси мұрасын кейінгі буын арасында насихаттау.