Ақсу маңында қауіпті басып озған жүргізуші жауапқа тартылды

Ақсу маңында қауіпті басып озған жүргізуші жауапқа тартылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жол ережесін өрескел бұзған жүргізушінің әрекеті әлеуметтік желі арқылы анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы полиция департаментінің Instagram желісіндегі ресми парақшасының Direct бөліміне жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзылғаны түсірілген бейнежазба келіп түсті.

Тексеру барысында тәртіп сақшылары құқық бұзушының жеке басын анықтады. Белгілі болғандай, 30 шілде күні Атамекен – Курчатов автожолында Hyundai автокөлігінің жүргізушісі маневр жасау, қарсы бағыттағы көлікпен жол айырысу және басып озу қағидаларын бұзған.

– Құқық бұзушы анықталып, жол берген заң бұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Ақсу қаласы полиция бөлімінің бастығы Айдар Сламбеков.

Полиция жүргізушілерге қауіпті маневрлер мен қарсы қозғалыс жолағына шығу жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін екенін еске салып, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.