Зейнеткерден 7 млн алған: Павлодарда жас дроперлерді ұстады
Дроперлер қысқа мерзімде жеңіл табысты уәде еткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 15 маусымда Ак.Сәтбаев көшесіндегі "Банк Центр Кредит" жанында жедел уәкілдер 17-18 жастағы үш жас жігітті ұстады. Осы банктің терминалы арқылы жастар белгісіз шотқа 6 млн 300 мың теңге сомасында ақшалай қаражат салуға тырысқан. Полиция Қазақстан Республикасы ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
- Екі күдіктіге қатысты "үй қамауына алу" шарасы таңдалды, кәмелетке толмаған бала ата-анасының кепіліне тапсырылды, - деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.
Тергеу барысында ұсталғандардың бірі мессенжерде табыс туралы хабарландыру көргені анықталды. Ұсынысқа қызығып, достарымен бірге белгісіз біреудің нұсқауы бойынша Ленин кентіне барып, 82 жастағы әжеден 7 миллион теңге алған.
Бұған дейін зейнеткерге полиция қызметкері болып таныстырған ер адам үй телефонына қоңырау шалып, қызының апатқа ұшырағанын және мәселені шешу үшін қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін, сондай-ақ зардап шеккендерді емдеу үшін ақша қажет екенін айтқан. "Жұмыс берушінің" нұсқауларына сүйене отырып, олар көрсетілген сомадан 700 мың теңгені өздеріне қалдырып, ал қалған соманы аударым арқылы жолдауды жоспарлаған.
Полиция оңай ақша табу туралы жарнамаға сенбеуге шақырады.