Павлодарда бұрынғы сүйіктісіне екі жыл бойы тыныштық бермеген ер адам жауапқа тартылды

Павлодарда бұрынғы сүйіктісіне екі жыл бойы тыныштық бермеген ер адам жауапқа тартылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде сталкингтің сегіз фактісі тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Полиция азаматтарды сталкинг белгілеріне бейжай қарамай, мұндай жағдайлар туралы дер кезінде хабарлауға шақырады.

– Сталкинг дегеніміз – адамның еркіне қарсы заңсыз түрде қудалау. Бұл тек күш қолдану деген сөз емес. Оған адамның тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша аңду, еріксіз байланыс орнатуға тырысатын мінез-құлық, тұрақты қоңыраулар, әлеуметтік желілердегі хабарламалар, түрлі байланыс құралдары арқылы мазалау әрекеттері жатады, – дейді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімі бастығының аға инспекторы Индира Жүсіпова.

Полиция өкілі азаматтарға мұндай фактілерді міндетті түрде тіркеуге кеңес береді. Себебі сталкинг қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қарастырылатындықтан, істі дәлелдеу үшін нақты айғақтар қажет.

– Біз азаматтарды – әйелдерді де, ер адамдарды да – сталкинг фактілерін міндетті түрде өздері үшін тіркеп отыруға шақырамыз. Бұл хат алмасулардың скриншоттары, қоңыраулар жазбалары, фото және бейнематериалдар болуы мүмкін. Себебі тек ауызша айту арқылы мұндай қылмыстық істі дәлелдеу қиын, – деді бөлімнің аға инспекторы.

Полиция тәжірибесінде бұрынғы қарым-қатынастың қудалауға ұласқан жағдайы да болған. Жігіт пен қыз екі жылдан астам уақыт бұрын қарым-қатынастарын тоқтатқан. Алайда әйел басқа адамға тұрмысқа шыққаннан кейін де ер адам оны іздеуді тоқтатпаған.

– Әйел оны барлық әлеуметтік желілерде бұғаттаған. Бірақ ер адам байланыс орнатудың басқа жолдарын іздеген. Тіпті Kaspi арқылы банк аударымдары кезінде де оған қорқыту сипатындағы хабарламалар жіберген. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот шешімімен ол қоғамдық жұмыстарға тартылды, – деді Индира Жүсіпова.

Жыл басынан бері Павлодар облысында сталкинг бойынша сегіз факт тіркелген. Оның төртеуі тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған. Екі іс бойынша сот үкімі шығарылып, кінәлілерге қоғамдық жұмыстар тағайындалған. Тағы екі қылмыстық іс қазіргі уақытта өндірісте.

Айта кетерлігі, Қазақстанда 2024 жылдың шілде айында Қылмыстық кодекске «Сталкинг» туралы 115-1-бап енгізілді. Аталған норма адамның еркіне қарсы заңсыз және тұрақты түрде қудалау әрекеттері үшін жауапкершілікті қарастырады.

Заңға сәйкес, сталкинг жасаған тұлғаға 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, 200 сағатқа дейін қоғамдық немесе түзеу жұмыстарына тарту, сондай-ақ 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қолданылуы мүмкін.

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық немесе сталкинг фактілері туралы 102 нөміріне, сондай-ақ 111 және 150 сенім телефондарына хабарласуға болады.