Павлодардағы мешітте кондиционерге қызмет көрсету кезінде өрт шықты

Павлодардағы мешітте кондиционерге қызмет көрсету кезінде өрт шықты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өрт шыққанға дейін кондиционерге фреон құю жұмыстары жүргізілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 26 маусым күні Мәшһүр Жүсіп атындағы мешіттің жертөлесінде сағат 19:45 шамасында кондиционерге фреон құю кезінде фреон баллонынан газ шығып, салдарынан кондиционер шамамен екі шаршы метр аумақта жанған.

Өрт сөндірушілер келгенге дейін мешіт қызметкерлері өртті өрт сөндіргіштің көмегімен ауыздықтады.

– Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер толықтай бықсуды жойды. Оқиға салдарынан кондиционерге техникалық қызмет көрсетіп жатқан 1993 жылы туған ер адам күйік алып, ауруханаға жеткізілді, – деді ведомствода.

Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Облыстық ТЖД тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды.