Су тасқыны: Ақтоғай ауданының екі мектебінде сабақтар онлайн форматқа көшірілді

Су тасқыны: Ақтоғай ауданының екі мектебінде сабақтар онлайн форматқа көшірілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Шұға мен Жалаулы ауылдарының оқушылары төртінші тоқсанды қашықтықтан оқыту форматында бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, өңірдегі 357 мектепте сабақтар дәстүрлі форматта өтуде. Алайда су тасқыны орын алған аймақтардағы мектептерде сабақ онлайн форматқа ауыстырылды.

– Ақтоғай ауданы Шұға ауылының негізгі мектебі мен Жалаулы ауылының жалпы орта мектебі онлайн форматқа көшті. Екі мектептегі оқушылардың жалпы саны 104 баланы құрайды, – деді басқармада. 

ҚР Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, елдегі 88 білім беру ұйымы төртінші тоқсанды қашықтықтан оқыту форматында бастады. Қашықтықтан оқыту су тасқыны қаупі сақталған аумақтардағы 56 мектепте, сондай-ақ эвакуациялық пункттер ретінде айқындалған 32 мектепте ұйымдастырылуда. 

Балалар қашықтықтан оқу үшін қажетті оқу құралдарымен, киім-кешекпен және техникалық құралдармен қамтамасыз етілді. Оқу-тәрбие процесі мемлекеттік жалпыға бірдей білім беру стандарттарына сәйкес ұйымдастырылады.