Павлодарда тұтынушы «шулы» тоңазытқышы үшін ақшасын қайтарып алды
Сатып алушы дүкенге шағым жазған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz
Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне тоңазытқыш алған тұтынушы жүгінді. Тұрғын бір апта уақыт өткеннен кейін тоңазытқыштың артқы жағынан шу шыққанын байқап, дүкенге тауарды қайтару немесе айырбастау талабымен барған. Жазған өтініштен кейін дүкен тауарды тексерту үшін алып, жазбаша түрде жауап бермеген. Тұтынушы қайта талап жіберген кезде дүкен өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан.
– Павлодар тұрғының шағымынан кейін департамент кәсіпкерлік субъектісінде жоспардан тыс тексеру жүргізіді. Тексеру барысында дүкен тұтынушының талаптарын қанағаттандырудан негізсіз бас тартқаны және тұтынушының шағымына жазбаша жауап берілмегені анықталды, – деп жазылған хабарламада.
Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті кәсіпкерлік субъектісін әкімшілік жауапкершілікке тартып, тауарды тұтынушыға қайтаруды немесе айырбастауды (тұтынушының қалауы бойынша) міндеттеді. Тұтынушыға тауар үшін 200 мың теңге көлемінде ақшалай қаражат қайтарылды.
Айта кетейік, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңына сәйкес тұтынушының шағымына жауап шағымды алған күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде берілуі тиіс, сонымен бірге тұтынушының шағымына жазбаша жауап дәлелді және құжатталған болуы қажет. Тұтынушының шағымына жазбаша жауап бермегені үшін ҚР ӘҚБтК сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.