Павлодарлық жастарды «Act&Create» креативті кешіне шақырады
14 пен 35 жас аралығындағы белсенді жастарға арналған «Jastar Vibe» жобасы аясында кезекті іс-шара өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Act&Create» бағдарламасы қатысушылардың шығармашылық әлеуетін ашуға және жаңа дағдыларды меңгеруге бағытталған.
– Кеш бағдарламасында шешендік өнер бойынша шеберлік сағаты, постерлер мен театрлық маскалар жасауға арналған арнайы алаңдар қарастырылған. Сондай-ақ жиналғандар бірлесіп кинофильм тамашалай алады, – делінген хабарламада.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара тек білім алып қана қоймай, креативті ортада жаңа таныстар табуға мүмкіндік беретін ерекше алаң болмақ.
Іс-шара 10 сәуір күні сағат 18:30-да Ломов көшесі, 38 мекенжайы бойынша өтеді. Қатысу тегін, бірақ орын саны шектеулі болғандықтан, алдын ала жазылу қажет. Толық ақпарат алу үшін +7 771 559 25 90 (Зарина) нөміріне хабарласуға болады.