Павлодарда мұз сырғанақтарының ашу тәртібі түсіндірілді
Талаптардың сақталуын құтқарушылар тексереді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қыс мезгілі жақындаған сайын өңірде мұз сырғанақтарын орнатуға қатысты сұрақтар арта түсуде. Осыған байланысты мамандар аталған нысандарға рұқсат беру тәртібін және қауіпсіздік талаптарын түсіндірді.
Мұз сырғанақтарын ұйымдастыруды жоспарлаған кез-келген кәсіпкер немесе жауапты тұлға алдымен жергілікті атқарушы органға өтініш білдіруі тиіс. Өтініш тіркелгеннен кейін құзырлы орган бұл туралы төтенше жағдайлар департаментіне хабарлап, мамандармен бірлескен тексеріс ұйымдастырылады.
Құтқарушылар мен жауапты қызметкерлер аумаққа барып, мұздың қалыңдығын өлшейді, қауіп-қатерді бағалайды және нысанның жалпы жағдайын қадағалайды. Қолданыстағы ережеге сәйкес, көпшілік қатысатын іс-шаралар өткізуге арналған мұз қабатының қалыңдығы кемінде 25 сантиметр болуы керек.
– Егер барлық талаптар сақталса кәсіпкер өз жұмысын әрі қарай жүргізе алады. Кейін сырғанақ жұмыс жасап тұрғанша құтқарушылар күнделікті тексеріс жұмыстарын жүргізіп отырады, – деді облыстық ТЖ департаменті басшысының орынбасары Қайрат Шаймарденов.
Оның айтуынша, бұл талаптар өзен мен көлдер үстінде немесе оның маңайында орналасқан сырғанақтарға қатысты.
Еске сала кетейік, бұғай дейін ТЖ департаментінің қызметкерлері биылғы жылы өңірде мұз желтоқсан айының ортасында ғана қатаның хабарлаған еді. Сонымен қатар мұз өткелдері оның қалыңдығына байланысты ашылатыны жөнінде де ақпарат айтылған еді.