Қазақстан экологиялық қауіпсіздікті Конституция деңгейінде бекітпек
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің алқа мәжілісі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Онда 2025 жылғы жұмыстың қорытындылары шығарылып, 2026 жылға арналған міндеттер белгіленді. Алқаға Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Үкімет Аппаратының жауапты қызметкерлері, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, квазимемлекеттік сектордың өкілдері мен министрліктің Қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр өз сөзінде алқа отырысы еліміз үшін маңызды оқиға – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жөніндегі республикалық референдум қарсаңында өткізіліп жатқанын атап өтті.
– Конституция жобасының ұсынылған редакциясында қоғамның басты сұраныстарының бірі – адам өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы орта құру, табиғатқа ұқыпты қарау сынды іргелі қағидатты енгізу, – деді ол.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету, елдің табиғи ресурстарын ұтымды пайдалану және оларды көбейту бойынша негізгі жетістіктерге тоқталды. Қазіргі уақытта министрлік қоршаған ортаның жай-күйін бақылау, қоқыстарды басқару, орман өрттерінің ошақтарын уақтылы анықтау және ұлттық парктерге баруды қадағалау бойынша цифрлық жобалар кешенін жүзеге асыруда. Сонымен қатар жеке инвестицияларды тарта отырып, қалдықтарды басқару жүйесін дамыту маңызды міндеттердің бірі ретінде бекітілді.
Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында биыл елімізде Өңірлік экологиялық саммит өткізу туралы бастама көтерген болатын. Бұл халықаралық іс-шара Орталық Азия елдерінің өңіраралық ынтымақтастықтағы әлеуетін және жаһандық климаттық күш-жігерге қосқан үлесін көрсетуі тиіс. Сонымен қатар Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы бүгінде халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған ауқымды жалпыұлттық қозғалысқа айналды.
Ел аумағында екі миллиард ағаш отырғызу және орман алқабын 14,5 миллион гектарға дейін жеткізу бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Жердің деградациясы мен шөлейттену мәселесін шешу үшін қорғаныс орман белдеулері мен тосқауыл екпелер жүйесі құрылуда. 2025 жылы Премьер-министр ең қауіпті 24 табиғатты қорғау мекемесінде орман өрттерін ерте анықтау жүйесін енгізуді тапсырған болатын. Бүгінде бұл жүйеге жасанды интеллект интеграцияланған, ал жыл соңына дейін өрт қаупі жоғары 5,4 миллион гектар аумақ осы бақылаумен қамтылады.
Жиын соңында 2026 жылға қойылған міндеттер талқыланып, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, биоалуантүрлілікті сақтау және жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.