Павлодарлықтарға сәбидің дүниеге келуіне қалай дайындалу керектігі айтылды
Мамандар қатысушылардың сұрақтарына да жан-жақты жауап берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сәбидің дүниеге келуіне қалай дайындалу керек? Емшек сүтімен қоректендіруді қалай жолға қойған жөн? Жаңа туған нәрестенің өмірінің алғашқы сағаттарында неге назар аудару қажет? Осы және басқа да сұрақтар Павлодар облыстық перинаталдық орталығында өткен дәстүрлі Ашық есік күнінде талқыланды.
Кездесуге болашақ аналармен қатар, отбасын құруды жоспарлап жүрген жұптар да қатысты. Бағдарлама практикалық сипатта болды. Қатысушылар бейінді мамандармен тікелей тілдесіп, ата-ана болу жолында кездесетін маңызды мәселелер жөнінде ақпарат алды.
Отбасын қолдау орталығының құрылымдық бөлімшесінің жетекшісі Аида Жұмабекова орталықтың жұмысы мен некеге дейінгі дайындық курстары туралы айтып берді. Ал неонатолог дәрігер, емшек сүтімен қоректендіру жөніндегі үйлестіруші Надежда Гаенко өз баяндамасын ана сүтінің пайдасы мен баланы емізуді дұрыс жолға қою ерекшеліктеріне арнады. Ол бастапқы кезеңдегі қиындықтар емшек сүтімен қоректендіруден мерзімінен бұрын бас тартуға себеп болмауы керектігін атап өтті.
Тағы бір тақырып жаңа туған нәрестенің сыртқы ортаға бейімделуіне арналды. Неонатолог дәрігер Альберт Уразов сәбидің өмірінің алғашқы сағаттары, «терімен теріге» жанасу, кіндік бауын қысу ерекшеліктері және босану бөлімінде нәрестеге күтім жасау тәртібі туралы түсіндірді.
Баяндамалардан кейін қонақтар мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жеке түсініктемелер алды.
Мұндай кездесулер болашақ ата-аналарға перинаталдық орталықтың жұмысымен алдын ала танысуға, қажетті ақпаратты тікелей мамандардан алуға және отбасы өміріндегі маңызды кезеңге сенімдірек дайындалуға мүмкіндік береді.
