Павлодарда жас жол инспекторларының облыстық байқауы өтті

Павлодарда жас жол инспекторларының облыстық байқауы өтті
Фото: автор

Балалар жол қауіпсіздігін насихаттап жарысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz  тілшісі.

М.М.Катаев атындағы облыстық оқушылар сарайында ұйымдастырылған «Жол жүру ережесінің жас инспекторы» облыстық слетіне өңірдің қала-аудандарынан іріктелген үздік командалар қатысты. Байқау балалар арасында көлік қозғалысы қауіпсіздігін насихаттауға бағытталды.

Павлодар облысы білім басқармасының балалардың құқықтарын қорғау және инклюзивті білім беру бөлімінің басшысы Жібек Айтмұхамбетованың айтуынша, байқау бұған дейін аудандық және қалалық кезеңдерден өткен жеңімпаздар қатысты.

Бұл байқау балалардың жолдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Қатысушылар көше ережелерін меңгеріп, түрлі жағдайларда дұрыс әрекет етуді үйренеді. Теориялық бөлімде оқушылар көлік қатынасы ережелері мен жол белгілері бойынша білімдерін көрсетсе, практикалық кезеңде велосипед, самокат және басқа да көлік құралдарын басқару дағдыларын дәлелдейді, – деді Жібек Айтмұхамбетова.

Биыл облыстық кезеңге Павлодар облысынан 12 команда қатысты. Әр топта жеті оқушыдан құралған. Жалпы сайысқа 100-ден астам бала жиналды.

Байқау облыстық полиция департаментімен бірлескен меморандум аясында өтті. Қазылар алқасының құрамына полиция қызметкерлері енді.

Успен ауданы полиция бөлімінің бастығының орынбасары Арман Ашренов мұндай шаралардың балалар арасындағы жол-көлік оқиғаларының алдын алуда маңызды рөл атқаратынын айтты.

Бүгінгі сайыста оқушылар «Жол ережесінің білгірі», «Жас санитар», веложүргізу және көлік қауіпсіздігін насихаттайтын үгіт бригадалары бойынша сынға түседі. Жыл сайын жол-көлік оқиғаларынан балалар зардап шегеді. Оның басты себептерінің бірі – көше ережелерін толық білмеу, – деді Арман Ашренов.

Сайыс барысында қатысушылар алғашқы медициналық көмек көрсету, велосипедті мәнерлеп жүргізу, жолдағы түрлі ситуациялық тапсырмаларды орындау бойынша бақ сынады.

Черноярка жалпы орта білім беру мектебінің 7-сынып оқушылары – егіздері Арина мен Алина Соболева үгіт бригадасы арқылы көше қозғалысы ережелерін түсіндіруге тырысатындарын жеткізді.

Біз адамдарға көшеден қалай дұрыс өту керек екенін және қай жерден өтуге болмайтынын түсіндіреміз. Аудандық кезеңде бірінші орын алып, облыстық кезеңге жолдама алдық, – деді егіздер.

Ал Ақсу қаласындағы Мәжен Қабылбеков атындағы мектептің 8-сынып оқушысы Ислям Дидар жас инспекторлардың жұмысы жыл бойы жалғасатынын айтты.

Біз бастауыш сынып оқушыларына көшеден қалай дұрыс өту керектігін, велосипед пен самокатты қауіпсіз жүргізуді түсіндіреміз. Болашақта полиция қызметкері болғым келеді. Негізгі мақсатымыз – адамдарға көмектесу және көше қауіпсіздігін сақтау, – деді ол.

Облыстық кезеңнің жеңімпаздары жаздың соңында Қостанай қаласында өтетін республикалық «Жас жол инспекторлары» байқауында Павлодар облысының намысын қорғайды.