Ертіс ауданында қырық жыл жөнделмеген мектеп қолға алынады
Мектептің төбесінен су ағады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ертіс ауданына жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Асайын Байханов Амангелді ауылындағы мектептің жағдайын тексерді. Амангелді орта мектептің іргетасы 40 жыл бұрын қаланған. Бірнеше жылдар бойы мектеп жұмыс істемеген, ал 2005 жылы қайта қолданысқа берілді. Бүгінге дейін ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, ал төбесі ағып барады.
– Бұл мектеппен ешкім айналыспай жүргені көрініп тұр. Егер мектеп осындай жағдайда болса ауыл тұрғындары осында қала ма?– деді облыс әкімі.
Асайын Байханов мектептің абаттандыру жұмыстар мәселесіне де көңіл бөлді.
– Тұрғындармен жиналып, сенбілік өткізіңдер.Оған небәрі 20 литр бояу қажет, керек болса өзім Павлодардан жеткізіп, беремін. Мектептің қасбетін бояп, шөпті шабу қажет. Барлығы ұсақ-түйектен басталады, – деп айтты облыс әкімі.
Мектепте 71 оқушы оқиды, ал шағын орталыққа 20 бала барып жүреді. Оқу орынның қуаттылығы 460 оқушыға арналған. Асайын Байханов бала санының аздығына мән беріп, Амангелді аулының әкіміне бұл мәселемен айналысу керектігін айтты.
– Сіздің міндетіңіз мұғалімдерге жұмыс орынды қамтамасыз ете алатын жаңа инвестицияларды табу. Оған стратегия, жоспар керек. Кейбір мектептерде мұғалімдердің саны оқушылар санынан асып түседі, – деді аймақ басшысы.
Амангелді ауылдық округінің әкімі Алмагуль Шарманова бұл ғимаратта ФАП пен учаскелік полицияның кабинетін орналастыруға мүмкіндіктер бар екенін мәлімдеді.
Аймақ басшысы облыста жөндеуді қажет ететін 174 мектеп бар екенін атап өтті.
– Бірінші кезекте ешқашан жөнделмеген 20 мектепті қалпына келтіреміз деген мақсатты биыл қойдық. Бұл ретте ауылдардың даму перспективасына қарайтын боламыз, – деді Асайын Байханов.
Жалпы мектептің күрделі жөндеуіне 313 миллион теңге бөлінді.
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті