Құран жарысы: Павлодар облысында тоғыз жасар шәкірт жеңімпаз атанды
Тереңкөл аудандық «Сейділдә хазірет» мешітінде шәкірттер арасында облыстық Құран жарысы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша баспасөз қызметінің мәліметінше, облыстың бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы Құранның қасиеті жөнінде уағыз айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Жарыс жоғары деңгейде өтті. Жарыс екі аталым бойынша өткізілді. 16 қатысушы 30 парадан бақ сынаған болса, 30 қатысушы 22 сүреден сынға түсті, – дейді баспасөз қызметінде.
Қазылар алқасының құрамында «Мәшһүр Жүсіп» қарилар даярлау орталығының директоры Манас қари бастаған «Әбубәкір Сыддық» медресесінің ұстаздары болды.
Ертіс аудандық мешітінің шәкірті тоғыз жасар Арынғазы Сырым Ерболатұлы ең жоғары ұпай жинап, жеңімпаз атанды. Екінші орынға Ақтоғай аудандық мешітінің шәкірті Жасталап Ерсін Қосманұлы, үшінші орынға Екібастұз қалалық мешітінің шәкірті Ахмадқожа Юнусов ие болды.
Ал екінші аталым бойынша бірінші орынды Павлодар қалалық «Әбубәкір сыддық» мешітінің шәкірті Мәдениет Темірлан, екінші орынды Сапарғали Алдияр, үшінші орынды Мұхаммед Смирнов иеленді.
Барлық қатысушыларға мадақтама, жеңімпаздарға сертификат және ақшалай сыйлықтар берілді.