Павлодар облысында маневр жасаған автобус жүргізушілері жазаланды
Олардың саны – 26, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Автобус» жедел алдын алу шарасы кезінде екі күн ішінде 65 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталды.
– Әсіресе маневр жасау ережелерін бұзған жүргізушілер көп. Екінші орында рульде телефонмен сөйлесуді ұнататын жүргізушілерге қатысты 22 хаттама толтырылды. Көлік құралын тиісті рұқсатсыз ауыстырған тоғыз жүргізуші анықталды, – деді жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Азамат Күркебаев.
Сонымен қатар жолаушыларға қосымша орындықтар қоятын немесе керісінше алып тастайтын автобус жүргізушілері де әкімшілік жауапкершіліктен құтылмайды. Жылдамдық режимін бұзған жүргізушілер, жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзу фактілері, міндетті сақтандыру полисінің болмауы анықталды.
– Жауапты тұлғалар тарапынан желідегі жүргізуші құрамын және автобустардың техникалық жай-күйін бақылауды күшейту қажет, – деді Азамат Күркебаев.
«Автобус» профилактикалық іс-шарасы ағымдағы жылдың 16 маусымына дейін жалғасады және тәртіп сақшылары жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын ұйымдарға, кәсіпорындар мен мекемелерге автобус жүргізушілерінің қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз етуіне ерекше назар аударады.