Жеті адам Павлодар облысының Құрметті азамат атағын алды
Аталған атаққа 30 азамат ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы VIII сайланған Павлодар облыстық мәслихаттың ХVI кезекті сессиясында облыстың ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлнұр Сейдуманов мәлім етті.
– Оның ішінде он сала өкілі бар. Атап айтқанда, денсаулық сақтау, санитарлық – эпидемиологиялық қадағалау, білім беру, құқық қорғау жүйесі, ауыл шаруашылығы, ұлттық қауіпсіздік органдары, өнеркәсіп құрылыс, мәдениет, қоғам белсенділері, – деді Әлнұр Сейдуманов
Айта кетерлігі, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Маликованың төрағалық етуімен «Павлодар облысының Құрметті азаматы» атағын беру мәселелерін қарау жөніндегі комиссияның отырысы өтті, отырыс барысында «Павлодар облысының Құрметті азаматы» атағына жеті үміткерді комиссия таңдады.
Жиын барысында «Павлодар облысының Құрметті азаматы» атағын беруге келесі үміткерлер ұсынылды:
Мейірман Жеңіс Шанаққызы – білім беру саласының ардагері. 35 жылдан астам уақыт бойы білім беру жүйесіне үлес қосып келеді. «Қазақ КСР білім беру үздігі» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. 2005 жылғы «Екібастұз қаласының Құрметті азаматы» атағын алған.
Алтынбек Нұхұлы – қоғам қайраткері. 2004 жылы «ҚР ғылымның дамуына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, 2017 жылы «Ы. Алтынсарин» белгісімен, 2018 жылы «Құрмет» орденімен, 2022 жылы «Алтын Барыс» алтын жазуымен ҚР Президентінің Алғыс хатымен марапатталған. 2018 жылғы «Баянауыл ауданының Құрметті азаматы» атағын алған.
Ахметов Райымбек Усабекұлы – ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагері. Өңірдің аумағында техникалық барлау жүргізген бір қатар ұйымдасқан қылмыстық және халықаралық есірткі топтарының, шетелдік арнайы қызметтерінің құқыққа қарсы жұмыстарын ашуға ат салысқан. «ҚР Ұлттық қауіпсіздік органдарының Құрметті азаматы».
Бексейітова Бақыт Мақанқызы – білім беру саласының ардагері. Ұзақ жылдар бойы орта мектепте математика мұғалімі, директордың орынбасары, орта мектеп директоры болып жұмыс істеді. 2010 жылдан 2017 жылға дейін Павлодар облысы білім беру басқармасы басшысының лауазымында қызмет атқарды.
Сүлейменов Мұрат Құснуллұлы – көпжылғы өтілі бар дәрігер. Еңбек жолы 1974 жылы бастаған, 2009 жылдың қарашасынан бастап «Павлодар облыстық онкологиялық диспансері» ШЖҚ КМК директоры лауазымында жұмыс істейді. Оның тікелей қатысуымен 2014 жылдан бастап диспансерде онкологиялық аурулар кезінде қолданылатын жоғары технологиялық эндовидеохирургиялық операциялар жүргізілген.
Поликарпов Виктор Федорович – мәдениет саласының ардагері, әйгілі суретші. 1991 жылы Қазақстан суретшілер одағына және «Павлодар облыстық суретшілер одағы» ҚБ мүше болып қабылданды. 1986 жылы «За трудовую доблесть» медалімен, 2013 жыл «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрмет атағымен марапатталған.
Марғұлан Дәнел Әлкейқызы – қоғам қайраткері. Әлкей Марғұлан атындағы халықаралық қордың вице-президенті. Белсенді қоғам қайраткері, «Олжабай батыр қоры» қоғамдық қорының белсенді мүшелерінің бірі, Дәнел Әлкейқызының қатысуымен аталмыш қормен Ақмола облысындағы Ерейментау ауданында Олжабай батырдың жерленген орнында мемориалдық кешен орнатылды. Медициналық ғылымдардың докторы.
Сесияға қатысушылар «Павлодар облысының Құрметті азаматы» атағына ұсынылған үміткерлерді бір ауыздан қолдап, дауыс берді.
Таңнұр Әленқызы