Баянауылдық балалар эпоксидті шайырдан үйдің сәнін келтіретін бұйымдар жасап жүр

Үйірмеге бастауыш және орта буын оқушылары қатысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Балалар шығармашылық үйінде білімге ұмтылып, өнерді де қатар алып жүрген бүлдіршіндер үшін эпоксидті шайырмен жұмыс істеуге үйрететін үйірме бар. Бүгінгі күні қолөнердің сан түрі бар. Ұлттық өнермен қатар дамып келе жатқан эпоксидтік шайыр таңсық емес.
Қолөнердің бұл түрін балаларға Құралай Талыкова үйретуде. Оның айтуынша, оқушылар үйірмеге аса қызығушылықпен қатысады.
– Эпоксидтік шайыр қарқынды дамуда. Үйірмеге бастауыш және орта буын оқушылары қатысады. Әрбір композицияны әзірлеу бірнеше кезеңнен тұрады. Пішініне байланысты дайын өнімнің кеуіп, әзірленуі 1 күннен 3 күнге дейін уақыт алады, есесіне қайталанбас ерекше қолдан жасалған бұйымдар жасап шығарады, – деді Құралай Талыкова.
Үйірме жетекшісінің жалпы еңбек өтілі 14 жыл болса, аталмыш үйірмені жүргізіп жүргеніне 2 жылдай ғана уақыт болған.
Бірақ осы аз уақыттың ішінде екі топ шәкірті жиналып, олар қолдан түрлі бұйымдар жасап шығарған.
Бүгінгі күні эстетикаға толы әсем заттар үйдің сәнін келтіріп, сөрелерге әр беріп тұр. Ал оқушылар өздері жасаған бұйымдарын ата-ана, туыстарына сыйға тартып қуаныш сыйлауда.