«Мектепке жол»: Екібастұзда үш мыңға жуық балаға көмек көрсету жоспарлануда
Жаңа оқу жылын әр бала қажетті құрал-жабдықтармен, көтеріңкі көңіл күймен бастауы үшін Екібастұз өңірінде «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы ұйымдастырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қалалық білім бөлімінің мәлімдеуінше, акцияның негізгі мақсаты – әлеуметтік қолдауды қажет ететін балаларға көмек көрсетіп, олардың білім алуға тең мүмкіндігін қамтамасыз ету. Игі бастамаға кәсіпкерлер, кәсіпорындар мен ұйымдар, сондай-ақ жаны жомарт азаматтар қатысуда.
— 2026 жылы Екібастұз өңірінде 2800 балаға көмек көрсету жоспарланған. Оның ішінде 750 оқушыға демеушілік қаражат есебінен қолдау көрсетіледі, - делінген хабарламада.
Қайырымдылық акциясына «Санлин» футбол клубы, «Шопоголик» дүкені, «Бозшаколь» АҚ, «Булат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, Екібастұз ГРЭС-2, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Горэлектросеть» АҚ, Кешенді ферроқорытпалар зауыты және қала кәсіпкерлері қосылды. Қазіргі таңда қайырымдылық көмек көрсетушілерді тарту жұмыстары жалғасып жатыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бала үшін мектеп формасы, сөмке мен оқу құралдары – күнделікті қажеттіліктен бөлек, жаңа оқу жылын сеніммен бастауға мүмкіндік беретін маңызды қолдау.
«Мектепке жол» акциясы – әр баланың білімге бастар алғашқы қадамын қолдауға бағытталған ортақ игі іс. Сондықтан ұйымдастырушылар кәсіпкерлер мен қала тұрғындарын қайырымдылық бастамаға атсалысуға шақырады.
Акцияға қатысып, көмек көрсеткісі келетін азаматтар төмендегі телефон нөмірлері арқылы хабарласа алады: +7 775 677 95 45, 75-63-09.