Павлодарлық университетте неміс ғалымы физикадан ағылшынша дәріс береді

Павлодарлық университетте неміс ғалымы физикадан ағылшынша дәріс береді
Фото: @ margulan_university

Бір ай бойы студенттер білімдерін жаңа қырынан шыңдайтын болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz

Марғұлан университетінің жаратылыстану жоғары мектебінде конденсацияланған заттар физикасы мен кванттық механика саласындағы белгілі ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Питер Эндерс іс-сапармен келді. Шетелдік профессорды Марғұлан университетінің ректоры Жанбол Жилбаев қабылдап, алдағы өткізетін дәрістеріне сәттілік тіледі.

Питер Эндерс-қазіргі уақытта физиканың аксиоматикалық және нақты бірлігін зерттеп жүрген ғалым. Ол осы салада «Классикалық және кванттық механика: тарихи-аксиоматикалық көзқарас» атты кітабын жарыққа шығарды.

– Профессор Питер Эндерс бір айлық сапары аясында студенттерге кванттық және атомдық физикадан, ал магистранттарға теориялық физиканың қосымша тараулары мен мектеп физикасы курсын ағылшын тілінде оқыту әдістемесі бойынша дәрістер оқиды,– деді Марғұлан университетінде. 

Сондай-ақ, неміс ғалымы оқытушылар, докторанттар және магистранттар үшін Германия мен Қазақстан мектептерінде жалпы физикадан күрделі тақырыптарды оқыту әдістемесінің мәселелері бойынша семинарлар өткізеді.

Питер Эндерстің еңбектері Германияда ғана емес, әлемдік ғылыми қоғамдастықта да кең танылған. 2015 жылдан бастап ол Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Физика, математика және информатика институтының құрметті профессоры.