Павлодарлықтар той-жиыннан бас тартқан жағдайда алдын ала төлемді қайтара ала ма?

Көптеген мейрамханалар мен банкет залдары клиенттен шара өтпей тұрып кепіл ретінде 10 мыңнан 100 мың теңгеге дейін алдын ала төлем талап етеді. Алайда кейде жоспарланған той не жиын өтпей қалады. Мұндай жағдайда тұтынушы ақшасын қайтара ала ма? @Pavlodarnews.kz тілшісі осы мәселенің заң аясында қалай реттелетінін анықтап көрді.
Павлодар облысы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірова түсіндіргендей, алдын ала төлем сомасына қарамастан, екі тараптың арасында жазбаша келісім болуы тиіс. Бірақ келісім ауызша жасалған күннің өзінде тұтынушы ақшасын қайтаруды талап етуге құқылы. Бұл – ҚР Азаматтық кодексінің 338-бабында көрсетілген.
– Бізге павлодарлық тұрғын жүгінді. Ол қаладағы банкет залдарының бірінен «сырға салуға» зал брондап, 50 мың теңге алдын ала төлеген. Жеке себептерге байланысты той өтпейтін болған. Бірақ зал әкімшілігі бұл соманы қайтарудан бас тартты. Себебі сол күнге басқа тапсырыс болмағандықтан, олар шығынға ұшырайтынын айтқан, – дейді Нұрсұлу Әубәкірова. – Департамент мамандары тұтынушыға сотқа дейінгі талап-арыз дайындауға көмектесті. Нәтижесінде банкет залы толық соманы қайтарып берді.
Спикердің айтуынша, егер дайындық барысында мейрамхана қандай да бір нақты шығынға ұшыраса (мысалы, залды безендіруге қажет заттар немесе азық-түлік сатып алынса), онда тұтынушы бұл шығынды өтеуге міндетті. Бұл ҚР Азаматтық кодексінің 686-бабында нақты жазылған.
Сондай-ақ, Нұрсұлу Әубәкірова «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 8-1-бабының 2-тармағы, 6-тармақшасына сәйкес, егер келісімшартта «шарт бұзылған жағдайда сатушы немесе қызмет көрсетуші төленген соманы қайтармайды» деген тармақ болса, ол – заңбұзушылық болып есептеледі.
Алдын ала төлемді қайтару үшін Нұрсұлу маман тұтынушыларға мынадай кеңес береді: төлем жасалғанын растайтын түбіртек, банк аударымы, жазбаша хат алмасу, бронь нөмірі секілді дәлелдерді жинап, банкет залына жазбаша түрде талап-арыз жолдау қажет.
Ал өз құқықтарын қорғау үшін павлодарлықтар Дүйсенов көшесі, 9-үйде орналасқан департаментке жүгінуіне болады. Сондай-ақ E-otinish.gov.kz, e-tutynushy.kz платформалары немесе 8 (7182) 55 10 70 жедел желісі арқылы да байланысуға мүмкіндік бар.