Фарфор кесе: Успен әкімдігінің өтінімі қоғам белсенділерінің қызығушылығын тудырды
«Әділдік жолы» павлодарлық қоғам белсенділері мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған өтінімдерді тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Тексеріс барысында Успен ауданы Қоңырөзек ауылдық округінің әкімдігі жариялаған байқау олардың қызығушылығын тудырған.
«Әділдік жолы» облыстық филиалының басшысы Нұргүл Қайырденова әлеуметтік желілерде өтінімде 15 екі кісілік көрпе, жабыспайтын жабыны бар он ыдыс жиынтығы, көкөністер мен жемістерге арналған электр кептіргіш-дегидратор, 162 жұмсақ ойыншық, 38 электр шайнек, шайға арналған 40 фарфор кесе көрсетілгенін жазған. Өтінімнің жалпы сомасы 795 830 теңгені құрайды.
Қоғам белсенділері мұндай тауарлардың мемлекеттік қызметшілерге қаншалықты қажет екені жайлы сұраған.
Бұл лот туралы Успен ауданы әкімінің орынбасары Медет Шоқанов айтып берді.
– Сатып алынатын тауарлар мерейтой иелеріне және олардың отбасыларына, тыл еңбеккерлеріне, жалғыз тұратын және аз қозғалатын адамдарға, сондай-ақ жаңа жылдық мерекелерде мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылмаған алты жасқа дейінгі балаларға сыйлық ретінде беруге арналған, – деп түсіндірді Медет Шоқанов.
Ол бұл сатып алулар Қоңырөзек әкімдігі ауылдық округ бюджеті мен үнемдеу есебінен жүргізіліп жатқанын хабарлады.