«Үздік қарауыл бастығы»: Павлодарлық өрт сөндіруші — алғашқы үштікте

«Үздік қарауыл бастығы»:  Павлодарлық өрт сөндіруші — алғашқы үштікте
Фото: ТЖД

Бұл байқау елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz  тілшісі. 

Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің №6 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Темірлан Жәнібеков «Үздік қарауыл бастығы» I республикалық байқауында үшінші орынға ие болды.

Кәсіби байқауды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің өртке қарсы қызмет комитеті ұйымдастырды. Сайысқа еліміздің барлық өңірлерінен өрт сөндіру бөлімшелерінің өкілдері қатысты.

Қатысушылар үш кезең бойынша сынға түсті. Алдымен олардың кәсіби білімі теориялық тестілеу арқылы бағаланды. Кейін дене дайындығына арналған нормативтер орындалды. Қорытынды кезеңде өрт сөндірушілер арнайы кедергілер жолағынан өтіп, жылдамдық, төзімділік пен үйлесімді қимылдау қабілеттерін көрсетті.

Темірлан Жәнібеков азаматтық қорғау органдарында 2016 жылдан бері қызмет етіп келеді. Оның айтуынша, жылдар өте өрт сөндіру-құтқару қызметі кәсіби жолының ажырамас бөлігіне айналған.

— Қызмет барысында бұл салада тәртіп, жауапкершілік, дене дайындығы және командалық жұмыс аса маңызды екенін түсіндім. Уақыт өте келе бейімделіп, қызметті өмірімнің маңызды бөлігі ретінде қабылдай бастадым, — деді ол.

Қарауыл бастығы республикалық байқаудың тек кәсіби шеберлікті сынайтын сайыс емес, әріптестермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін алаң болғанын атап өтті. Оның сөзінше, жарыс барысында әр өңірден келген қатысушылар бір-біріне қолдау көрсетіп, жігерлендіріп отырған.

Темірлан Жәнібековтің үшінші орын алуы оның кәсіби даярлығы мен қызметтік тәжірибесін көрсетіп, өрт сөндіру-құтқару саласында біліктілігін арттыруға ұмтылысын айқындады.