Павлодарлық ЖЭО-лардың басшылары төтенше жағдайларға дайындық курсынан өтті
Оқытудың мақсаты – техногендік және табиғи төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету дағдыларын жаңарту болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, ЖЭО-2 және ЖЭО-3 өкілдері Алматы қаласында ҚР ТЖМ Азаматтық қорғау саласындағы Ғылыми зерттеу, даярлау және оқыту ұлттық орталығында басшыларға арналған бес күндік біліктілікті арттыру курстарын аяқтады.
Оқуға мемлекеттік орган қызметкерлері және стратегиялық нысандардың басшыларынан құралған 70-ке жуық адам қатысты.
– Біз кәсіпорын жұмыскерлері арасында құрбан болуға жол бермеу үшін әрқашан дұрыс шешім қабылдауға дайын болуымыз керек. Бұл курстар осыған бағытталған еді, – деп атап өтті Павлодар ЖЭО-2 бас инженері Роман Паустьянов.
Компанияда атап өткендей, толыққанды оқу бағдарламасы азаматтық қорғау саласындағы заңнаманы зерделеуді және практикалық сабақтарды қамтыды. Сабақтар тек аудиторияларда ғана емес, сонымен қатар жер сілкінісі мен өртті имитациялауға арналған тренажерлер ұсынылған мамандандырылған полигондарда да өтті. Қатысушылар өрт сөндіру, табиғи апаттар кезіндегі іс-әрекеттер, эпидемиологиялық өршулерге ден қою дағдыларын меңгерді.
– Курстың басты ерекшелігі – оқыту жағдайларын шындыққа барынша жақындатуға арналған тосын жағдайларды пысықтау болды. Мәселен, дәріс кезінде аудиторияға қатты қан кетіп жатқан шартты жәбірленуші жүгіріп кіріп, шұғыл алғашқы көмек көрсетуді талап етуі мүмкін. Немесе түтін машиналарының кенеттен қосылуы жедел эвакуацияны пысықтауға бастама болды, – деп түсіндірді Роман Паустьянов.
Курстар сонымен қатар тәжірибе алмасу және Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген мамандармен жаңа таныстықтар орнату алаңына айналды.