Ауыл жобаларына қолдау: Павлодар облысында грант байқауының мерзімі өзгерді
Ауылдық үкіметтік емес ұйымдар мен бастамашыл топтарға арналған шағын гранттар байқауына өтінім қабылдау мерзімі ұзартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Байқауды «Павлодар облысының Азаматтық Альянсы» қауымдастығы облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырып отыр. Жоба өңірлік азаматтық ресурстық орталықты дамытуға және ауылдық ҮЕҰ-дарды қолдауға бағытталған.
– Бастаманың негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының бастамаларын қолдау, жергілікті топтарды дамыту және азаматтарды қоғамдық өмірге белсенді тарту. Сонымен қатар жоба ауылдардың әлеуметтік әлеуетін нығайтып, жергілікті деңгейдегі өзекті мәселелерді шешуге ықпал етеді, – деді ұйымдастырушылар.
Грант көлемі – 600 мың теңге. Байқауға ауылдық ҮЕҰ-дар мен кемінде үш адамнан тұратын (18 жастан асқан) бастамашыл топтар қатыса алады.
– Жобалар Павлодар облысының ауылдық елді мекендерінде жүзеге асырылуы тиіс. Ұсынылатын жобалар әлеуметтік бастамаларға, ауылдағы өзекті мәселелерді шешуге, жергілікті қауымдастықтарды дамытуға және тұрғындарды қоғамдық өмірге тартуға бағытталуы қажет, – делінген хабарламада.
Өтінімдер 15 мамыр сағат 18:00-ге дейін қабылданады.
Қатысу үшін өтінім нысанын Word форматында толтырып, granty.pavlodar@gmail.com электрондық поштасына жіберу қажет. Қосымша ретінде жоба туралы презентация немесе бейнеролик тіркеуге болады.
Кеңес алу үшін байланыс телефондары:
- +7 701 938 58 35;
- +7 707 494 94 62.
Байқау ережесі Instagram желісіндегі @ga.pvl парақшасында және www.npo-pvl.kz сайтында қолжетімді.