Павлодар облысында көкпардың үздіктері атой салды
Павлодардағы «Құлагер» ипподромында көкпардан екі күнге созылған облыстық турнир өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шараны көкпар бойынша республикалық және облыстық федерациялар Павлодар облысының дене шынықтыру және спорт басқармасымен және Павлодар спорт бөлімімен бірлесіп ұйымдастырды. Турнирге 12 команда қатысты.

– Командалар саны көбейіп, шабандоздар ерекше дайындықпен келген. Қазіргі уақытта облыстың әр ауданынан бір емес, екі команда шығып, көкпардың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетті. Тартысқа толы бәсекеде шын мықтылар көзге түсті. Мәселен, жартылай финалға Баянауыл ауданы, Екібастұз қаласы, Аққулы ауданы және Павлодар ауданының командалары шығып, көкпардың көрігін қыздырды, – деп атап өтті облыстық «Көкпар» федерациясында.
Финалдық ойында Павлодар ауданының «Бәйтерек» командасы Екібастұз қаласының командасын 5:3 есебімен жеңіп, облыс чемпионы атағына ие болды. Бұл ретте, Екібастұз ауданы күміс, Баянауыл ауданы қола жүлде иелері атанды. Аққулы ауданы төртінші, Май ауданы бесінші, Павлодар қаласы алтыншы орынға тұрақтады.

Қолдап келген баянауылдықтар көкпаршылардың әрбір салымына тай атап отырды. Аудан командасының белді ойыншысы Дидар Сарбасов мұндай мәрт азаматтар көп екенін атап өтті.
– Жігіттердің ойыны көңілімнен шықты, осы жарысқа деп он күн дайындалдық. Баянауылда көкпарға қолдау көрсететін мәрт азаматтар көп. Негізі бірінші орын аламыз деп келгенбіз, бірақ бұйырғаны – үшінші орын. Енді дайындықты тоқтатпаймыз, алдағы жарыстарға қатысамыз. Жетекшіміз Әзілхан ағамыздың, қолдаушыларымыздың сенімін ақтап, жерге қаратпауға тырысамыз, – дейді Дидар Сарбасов.
Екібастұз командасының жетекшісі Дәурен Қанатұлы ойын жақсы өткенін, бірақ өз командасы кейбір әдістерді кеш қолданып қалғанын атап өтті.

– Біздің команда 2017 жылы құрылған, содан бері облыста жүлделі үштікке еніп жүрген ұжымдардың біріміз. Осы жолы да іріктеуде жақсы нәтиже көрсетіп, финалға жеттік. Бірақ командалық тактика жағынан сәл кемшілік болды. Дегенмен мұндай мықты қарсыласпен ойнау – біз үшін үлкен мәртебе. Ойын әдемі өтті, есеп айырмасы да үлкен емес – 5:3. Сәл ғана жетпей қалды. Бірақ бұл – спорт, біреу жеңеді, біреу жеңіледі, – дейді ол.
Өз кезегінде чемпион команданың капитаны Ерлан Оспанов қазіргі деңгей бұрынғыдан жоғары – аттар жылдам, мықты, жас ойыншылар көп екенін айтады.
– 15 сәуірден бастап Қордай ауданында оқу-жаттығу жиынына аттанамыз. Одан кейін Талдықорған қаласында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына барамыз. Павлодар облысында да мықты аттар көп екен, әсіресе Баянауылдың аттары жақсы әсер қалдырды, – деді ол.
Аталған командалар арнайы диплом және қаржылай сыйлыққа ие болды.
Айта кетейік, өңірде өткен ұлттық жарыстың қорытындысы негізінде облыстың құрамасы жасақталады. Жасақталған команда мамыр айында Жетісу облысында өтетін республикалық чемпионатқа қатысады.