Павлодар облысында жастар көбінесе ауыл шаруашылығына шағын несие алады
Өткен жылы 172 адам аз пайызбен несие алып, өз ісін ашқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова мәлім етті.
– Жаңа бастамалардың бірі жастарға жылдық 2,5 пайызбен бес миллион теңгеге дейін шағын несие беру болды. Осы бағыт бойынша 2023 жылы жалпы сомасы 785 миллион теңгеге 172 адам өз ісін ашты. Бүгінгі таңда жеті кәсіпкер несиесін толығымен жапты. Бұл ретте 30 миллион теңгеге жуық ақша қайтарылды, – деді Альмира Дисюпова.
Басқарма басшысы микрокредиттердің көпшілігі ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталғанын атап өтті. Атап айтқанда, жылқы, ірі қара және ұсақ мал өсіру. Қалалық жерлерде жүк тасымалдау, қоғамдық тамақтандыру, баспа өндірісі бойынша қызметтер көрсету саласындағы жобалар басым. Сондай-ақ азық-түлік дүкендерін, компьютерлік клубтарды ашу, автомобильдерге детейлинг қызметтерін ұсыну бойынша жобалар бар.
– Ағымдағы жылы «Аграрлық кредиттік корпорация» арқылы жалпы сомасы 820 миллион теңгеге 164 микрокредит беру жоспарлануда. Несие алу кезінде міндетті кепілмен қамтамасыз ету қарастырылған. Мал шаруашылығы саласындағы несиелеу мерзімі – жеті жыл, басқа салалар үшін – бес жылға дейін. Қағидаларда негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі көзделген, ол микрокредиттеу мерзімінің ұзақтығының 1/3 аспайтын бөлігін құрайды, – деді спикер.
Айта кетерлігі, қазіргі уақытта орталық мемлекеттік органдармен кредиттік шарттар жасасу, «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ Павлодар облысы бойынша филиалымен тапсырма шартын жасасу, сондай-ақ бизнес-жобаларды қарау жөніндегі облыстық комиссия құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Құжаттарды қабылдауды тамыз айынан бастау жоспарлануда.
Сондай-ақ, кәсіпкерлікті қолдау мақсатында халықтың әлеуметтік осал топтарына 400 АЕК (1 476 800 теңге) дейін гранттар беру көзделген.
Гранттар тұтыну мақсаттарына, кредиттік қарыздарды өтеуге, тұрғын үй жылжымайтын мүлігін сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнім өндіруге берілмейді. Грант алушы грант алған күннен бастап 12 ай ішінде бизнесті кеңейтуге бағытталған шараларды қоспағанда, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатыспайды. Гранттар бір рет беріледі. 2023 жылы 464 грант, оның ішінде 93 мүмкіндігі шектеулі адамға ұсынылды. Биыл 443 грант беру көзделген.