Павлодарлықтар алаяқтардың жолын кесуге қалай көмектесіп жүр?
Айлакерлердің схемаларын анықтауға полицияға такси жүргізушілері, курьерлер мен бейжай қарамайтын тұрғындар қолғабыс жасауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарлықтар күмәнді сәлемдемелер мен ақша аударымдары туралы құқық қорғау органдарына хабарлап отырады. Олардың қырағылығының арқасында алаяқтарға ірі көлемдегі ақшаны беру әрекеттерінің жолы кесілген. Кейде мұндай оқиғалар, тіпті, тосын жағдайларға ұласады.
Павлодар облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Сүйіндік Қайырбаевтың айтуынша, алаяқтар ақшаны білдіртпей алу үшін түрлі айла-тәсіл ойлап табады. Мәселен, ақшаны тұрмыстық техника мен ыдыс-аяқтың қораптарына жасырып жіберген жағдайлар болған.
– Такси жүргізушілері күмәнді жағдайды байқап, жолаушыны діттеген жеріне апармай, полицияға хабарласқан оқиғалар болды. Осыдан кейін біз мән-жайды анықтадық. Соның арқасында алаяқтарға 20 миллион теңгеден астам қаражаттың берілуіне жол берілмеді. Мысалы, бір такси жүргізушісі күмәнді жүкті байқап қалған. Егде жастағы әйел қорапты көлікке шығарып, оны кімге жіберу керегін білмейтінін, бірақ міндетті түрде жеткізу қажет екенін айтқан. Жүргізуші жағдайды аңғарып, көрсетілген мекенжайға бармай, бірден полиция бөліміне барған, – деді Сүйіндік Қайырбаев.
Полицияға қырағы көршілер де көмектеседі. Егер тұрғындардың бірі ұзақ уақыт бойы хабарласпай, есігін ашпаса, көршілері учаскелік полиция инспекторын шақырады. Осындай жағдайлардың бірінде зейнеткердің ақшасын дайындап, заттары салынған сөмкеге салып қойғаны және оны алаяқтарға беруге жиналғаны анықталған.
– Кейде егде жастағы павлодарлықтар банкке келіп, белгісіз біреумен телефон арқылы сөйлесіп тұрады. Сол сәтте банкоматтан ақша аударуға тырысады. Бірде өтіп бара жатқан жас жігіт осындай күмәнді жағдайды байқап қалған. Ол зейнеткердің алаяқтармен сөйлесіп тұрғанын түсініп, ақша аудару әрекетін тоқтатуға көмектесті, – деді полиция қызметкері.
Полицияға өзара байланыс орнатқан банк қызметкерлері де жәрдемдеседі. Құқық қорғау органдары, әсіресе, егде жастағы адамдардың шетелге ақша аударуға әрекеттенген жағдайларына назар аударады. Осындай күмәнді операциялар анықталса, полицейлер дереу әрекет етеді.
Еске салайық, Павлодар облысында алаяқтардың 800-ге жуық қоңырауының жолын кесті. Полиция департаменті, өңір прокуратурасы, облыс әкімдігі мен «Қазақтелеком» компаниясының бірлескен жобасы шілде айының соңынан бері жұмыс істеп келеді. Алаяқтар тұрғындарға қоңырау шалған кезде байланыс операторы қоңырауды бұғаттап, күмәнді байланыс туралы ақпаратты «Халық қорғау» бағдарламасы арқылы құқық қорғау органдарына жолдайды.
