Павлодарлық мұғалім-бағдарламашы әріптестеріне арналған ЖИ платформасын әзірледі

Павлодарлық мұғалім-бағдарламашы әріптестеріне арналған ЖИ платформасын әзірледі
Коллаж: PN

Computer Science бағыты бойынша жоғары білім алған Қазбек Қаратаев еңбек жолын IT әзірлеушісі ретінде бастаған. Алайда кейін туған ауылына оралып, мектепте жұмыс істеуге бел буады. Білім беру саласына қадам басуы оның жаңа жобасының дүниеге келуіне себеп болды. Бүгінде өзі әзірлеген платформа 300-ден астам педагогке сабаққа дайындалуға, ал оқушыларға оқу материалдарын меңгеруге көмектесіп келеді. @Pavlodarnews.kz тілшісі жас маманның тың бастамасымен танысты.

Аққулы жалпы білім беретін мектебінде информатика пәнінен сабақ беретін Қазбек Қаратаев жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін AQYLAL платформасын әзірледі. Бұл сервис мұғалімдердің сабаққа дайындалуын жеңілдетіп, оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Платформа арқылы педагогтер қысқа мерзімді сабақ жоспарларын, презентациялар мен жұмыс парақтарын дайындап, бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) тапсырмаларын құрастыра алады. Сондай-ақ, интерактивті жаттығулар мен ойын түріндегі викториналар әзірлеуге болады.

– Мен – жобаның негізін қалаушымын, платформаның архитектурасын әзірледім әрі толық стек әзірлеушісі ретінде жұмыс істеймін, – дейді Қазбек Қаратаев. – Платформа сәуір айында іске қосылды. Қазір оны 300-ден астам адам пайдаланып жүр. Негізгі мақсатымыз – мұғалімдердің күнделікті жұмысындағы қайталанатын міндеттерді азайтып, оқушыларға көбірек уақыт бөлуіне жағдай жасау. Жасанды интеллект сабақ жоспарлауға және қажетті оқу материалдарын дайындауға көмектеседі.

Қазбектің IT саласына деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Мектепте оқып жүргенде компьютерлік ойындарға, әсіресе Minecraft ойынына әуес болған. Бұл ойын баланың бағдарламалау негіздерін түсінуіне, логикалық ойлау қабілеті мен инженерлік дағдыларын дамытуына ықпал ете алады. Көпшілік үшін ойын тек көңіл көтерудің бір түрі болса, кейбір балаларға ол цифрлық технологиялардың қалай жұмыс істейтінін түсінуге бастайтын алғашқы қадамға айналады.

Қазбек те уақыт өте келе дайын ойындарды ойнаумен шектелмей, өз ойындарын жасауға және ойын серверлерін құрастыруға кіріскен. Университетті тәмамдаған соң Teach for Qazaqstan бағдарламасы аясында екі жыл еңбек етіп, осы кезеңде AQYLAL жобасының алғашқы нұсқаларын сынақтан өткізген. Бүгінде ол мектепте информатика пәнінен сабақ берумен қатар, Ertis жоғары инновациялық колледжінде студенттерге білім береді.

AQYLAL платформасының басты ерекшелігі – мұғалімнің күнделікті жұмысын жеңілдетуге бағытталғанында. Ол педагогтің орнын алмастыруды емес, қағазбастылық пен қайталанатын жұмыстарды азайтып, оқушылармен тікелей жұмыс істеуге көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік жасауды көздейді. Әрине, платформаның білім сапасына қаншалықты ықпал ететіні оқу материалдарының сапасына, мұғалімдердің оны сабақта тиімді қолдануына және жобаның алдағы уақытта қалай дамитынына байланысты.

Сервис арқылы оқушыларға сілтеме немесе QR-код көмегімен тапсырмалар жіберуге, электрондық журнал жүргізуге, орындалған жұмыстарды тексеруге болады. Сонымен қатар, мұғалімдер әр оқушының және тұтас сыныптың оқу үлгерімін бақылап, нәтижелерді талдай алады.

AQYLAL-дың қарапайым жасанды интеллект чаттарынан басты айырмашылығы – сабаққа қажетті құралдардың барлығы бір платформада біріктірілген. Мұғалімдер оқу материалдарын әзірлеп қана қоймай, практикалық тапсырмалар құрастырып, оқушылардың нәтижелерін де осы жерден бақылай алады. Осылайша, бірнеше сервисті қатар пайдаланудың және мәліметтерді бір жүйеден екіншісіне көшірудің қажеті азаяды.

Күнделікті міндеттердің автоматтандырылуы сабаққа дайындалуға кететін уақытты үнемдесе, интерактивті тапсырмалар мен ойын форматтары оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Платформа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істейді.

– Жасанды интеллект мұғалімді алмастырмауы керек екенін ұмытпаған жөн. Ол тек мұғалімге көмектесуі тиіс, – дейді Қазбек Қаратаев. – Оқушыға қолдау көрсетіп, қабілетін ашуға және болашақ бағытын таңдауға көмектесетін – педагогтің өзі. Ал технологиялар оның жұмысын жеңілдетуге арналған.

Бұдан бөлек, Қазбек алтыншыдан тоғызыншы сыныпқа дейінгі оқушыларға бағдарламалауды үйренуге және информатика пәні бойынша жиынтық бағалауға дайындалуға арналған интерактивті платформа да әзірлеген.

Жас мұғалім үшін цифрлық технологиялардың ауыл мектептеріне де қолжетімді болуы ерекше маңызды. Оның мақсаты – тұрғылықты жеріне қарамастан, әрбір оқушының бағдарламалауды үйренуіне және жасанды интеллект мүмкіндіктерімен танысуына жол ашу.

Республика күні қарсаңында Қазбек Қаратаев «Тәуелсіздік ұрпақтары» өңірлік жастар сыйлығының лауреаттарының бірі атанды.

Айта кетейік, қыркүйек айында Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы өтті. Сол кезде Президент жаһанда цифрлық өркениет пен білім экономикасы салтанат құрған дәуірде өмір сүріп, өнегелі істермен айналысатын азаматтар буынын тәрбиелеп шығару сияқты ауқымды міндет тұрғанына назар аударды. Сондықтан мемлекет басшысының тапсырмасымен жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне жоспарлы түрде енгізу үдерісі басталды.