Павлодарда халықаралық стандарттарға сай жаңа мектеп ашылды

Павлодарда халықаралық стандарттарға сай жаңа мектеп ашылды
Фото: Константин Шелков

Төрт қабатты кең ғимаратта оқушылардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Достық шағын ауданында заманауи стандарттарға сәйкес келетін мектептің салтанатты ашылуы өтті. Жаңа №48 мектептің әр қабатында интерактивті тақталармен жабдықталған жарық әрі кең мамандандырылған кабинеттер орналасқан. Әр қабатта бір пәнге арналған бес кабинет бар. Заманауи бағыттарға ерекше көңіл бөлінген: мектепте робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар, ұлдар мен қыздарға арналған еңбек шеберханалары жұмыс істейді.

Оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу және қызығушылықтарын дамыту үшін мектепте жеті коворкинг-орталық ашылған. Мұнда балалар демалып, түрлі үйірмелерге қатыса алады. Мектептің қабырғалары ұлттық нақыштағы көрнекі ою суреттермен безендірілген. Сондай-ақ, мектепте акт залы, кең асхана және екі спорт зал қарастырылған.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов ашылу салтанатында сөз сөйлеп, Достық шағын ауданының инфрақұрылымы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

– Мұнда жаңа 15 көпқабатты әлеуметтік тұрғын үй салынып, бес мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Алдағы уақытта тұрғындар үшін 240 орындық балабақша, медициналық көмек көрсететін емхана, балаларға арналған көптеген спорт және ойын алаңдарының құрылысы көзделген. Бұған қоса, болашақта қалалық мұз арена, 1500 орындық конгресс-холл және бес мың орындық бассейні бар спорт кешені бой көтермек. Бұл нысандар тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған игі бастамалардың жалғасы болады деп сенеміз, – деді өңір басшысы.

№48 мектеп директоры Айнұр Бекбаева мәлімдегендей, мектептің жобалық қуаттылығы – 1200 орын. 1 қыркүйектен бастап мектептің есігі 1050 оқушыға ашылды, олардың ішінде 164-і – бірінші сынып оқушылары. Достық шағын ауданынан бастауыш сыныптың 514 оқушысы қабылданды.

– Оқыту екі ауысымда жоспарлануда. Екінші ауысымда – екінші және үшінші сыныптар, бірінші ауысымда – бірінші, төртінші, бесінші және он бірінші сыныптар оқиды. Бастауыш блоктың Қамзин көшесі жағында жеке кіреберісі, ал жоғарғы сыныптар блогының Ладожская көшесі жағында кіреберісі бар. Бастауыш мектепті толық бір ауысымға көшіру әзірге мүмкін емес – бірінші ауысым қатты толып кеткен. №21 мектептен бізге 523 оқушы ауыстырылды, – деді мектеп директоры.

№21 мектепте жұмыс істеген мұғалімдер жаңа мектепке ауысып келді. Сонымен қатар, конкурс арқылы 30 педагог жұмысқа қабылданды. Жалпы, педагогикалық құрамды 80 адамға дейін жеткізу жоспарлануда.

Еңбек технологиясы пәнінің мұғалімі Қуаныш Садығазин мектептің заманауи техникамен жабдықталғанын атап өтті.

– Еңбек кабинетінде металл және ағашпен жұмыс істеуге арналған барлық құрал-саймандар бар: лазерлік принтер, 3D-принтер, электронды тақтаға арналған тач-панель, бұрғылау станогы, бұрыш кескіш, металл жонатын станок, дөңгелек ара. Мен балаларға ұлттық қолөнерді, металлмен, терімен, ағашпен, таспен, әйнекпен, ПВХ материалмен жұмыс істеуді үйретемін. Өз қолыңмен әдемі әрі пайдалы зат жасаған өте жағымды, – деді ұстаз.

Мектептің ашылу салтанатына ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев та қатысты. Ол қазіргі заманның жаңа талаптары оқыту тәсілдерін жаңартуды қажет ететінін айтты.

– Үлкен ұлттық жоба «Келешек мектептері» аясында 217 мектеп 500 мыңға жуық оқушы орнына арналған жаңа заманауи осындай білім мекемелерін бүкіл Қазақстанның жерінде салынып жатқандығын айтқым келеді. Бүгінде сіздерге осы мектепте білім алу бұйырған екен. Оның іші толыққанды заманауи жабдықтармен жабдықталған, – деді Ғани Бейсембаев.

Министрдің айтуынша, заманауи мектептер оқушыларға сапалы білім беріп қана қоймай, тәрбие жағынан да толыққанды тұлға қалыптастыруға жағдай жасайды. Бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай жалғасады.