Павлодарда 50 мыңнан астам оқушы үшін оқу жылының соңғы қоңырауы соғылады

Павлодарда 50 мыңнан астам оқушы үшін оқу жылының соңғы қоңырауы соғылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Республика мектептерінде сабақтар 23 мамырда аяқталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының жалпы білім беретін мектептерінде 23 мамыр күні «Білімім – Отаныма» атты бірыңғай сынып сағаттары өткізіледі. Мақсаты – мұғалімдерді құрметтеуге, білім ордасына ұқыпты қарауға, оқуға деген құштарлыққа, оқу жылы ішінде алған білімдерін қорытындылай білуге тәрбиелеу.

– Сынып сағаттарында ата-аналардың, қоғам өкілдерінің, педагогикалық еңбек ардагерлерінің қатысуымен оқушылардың оқудағы, спорттағы, түрлі іс-шаралардағы халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық жетістіктері туралы бейнероликтер көрсетіледі, – деді қалалық білім бөлімінің маманы Балжан Әділханова. 

11-сынып түлектері үшін 23 мамыр күні «Рақмет саған, мектебім!» тақырыбында қала әкімдігі, білім беру бөлімі өкілдерінің, қоғамдық ұйымдардың, педагогикалық еңбек ардагерлерінің, қаланың құрметті азаматтарының, мектеп бітірген түлектердің, БАҚ өкілдерінің қатысуымен соңғы қоңырау өтеді. 

Павлодар қаласының жалпы білім беретін мектептерінде 1-11 сыныптардың 50288 оқушысы үшін соңғы қоңырау соғылады, оның ішінде 11 сыныптың 1856 түлегі және 9 сыныптың 4626 түлегі үшін. 11-сынып түлектерінің қатарында «Алтын Белгі» аттестатына 53 үміткер және үздік аттестатқа 120 үміткер бар.

Алдағы уақытта 9 және 11 сынып түлектері 29 мамыр мен 16 маусым аралығында мемлекеттік емтихандар тапсырады, 1658 түлек ҰБТ тапсыруды жоспарлап отыр.