Баянауылда әкелер клубының мүшелері шеберлік сағатын өткізді

Баянауылда  әкелер клубының мүшелері шеберлік сағатын өткізді
Фото: Баянауыл аудандық білім беру бөлімі

Жұмат Шанин ауылындағы  Қ.Кемеңгеров атындағы жалпы орта білім беру мектебінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын іске асыру мақсатында «Ұлттық мұра – болашақ қайнар көзі» тақырыбында облыстық семинар өтті, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іс-шараға Ақсу қаласы, Аққулы, Ақтоғай, Тереңкөл, Шарбақты, Май, Баянауыл, Павлодар аудандарының білім беру бөлімдерінің әдіскерлері мен білім беру ұйымдары басшыларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты. 

«Әкелер», «Ағалар»  және «Мирас» ұлдар  клубындағы мүшелер асық ойнау, садақ ату бойынша шеберлік сағаттарын көрсетті. 

–  «Әкелер мектебі», ұл балаларға арналған «Мирас» клубы 2022 жылдан бастап белсенді жұмыс істеп келеді. Бұл клубтардың мақсаты – әке рөлінің тәрбие жолындағы маңыздылығын көрсету. Әкелер клубына ауылдың белсенді, абыройлы азаматтары кіреді, – дейді Қ.Кемеңгеров атындағы ЖОББМ тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айдана Асылтай. 

Келген қонақтармен «Көңілді ырғақтар» тренингі,  «Тәрбие – тал бесіктен» атты алтын сақа ойыны, «Ұл бала – ұлт болашағы» тақырыбында шеберлік сағаты өткізілді. «Әкелер өнегесі» тақырыбында сүйектен түрлі бұйымдар жасау техникасы көрсетіліп, көрме ұйымдастырылды.  

Бүркітші Мақсұт Көпжасаров,  көкпаршылар  Игілік Әділ, Сейітқали Қуандық, Темірболат Бекзат, Зекен Нұралы, Ғабдынасыр Бекзат, тазы ұстаушы Қанат Закриянов жеті қазынаға кіретін тазы итінің тарихын, қыран бүркіттің маңыздылығы мен қазақ халқында күнделікті тұрмыста қолданылуы туралы тарихқа сүйеніп ақпарат берді.