Павлодарлық оқушылар үш жылда сегіз тоннадан астам қақпақ жинаған
Жоба ұйымдастырушысы – оқушылар сарайының әдіскері Айгерім Оразбаева, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қақпақтарды жинау қайырымды іс-шарасы 2021 жылдан бастау алып, жыл сайын өңіріміздің 20 мыңнан астам оқушысы атсалысып келеді. Бүгінгі күнге дейін өңір оқушылары 8,4 тонна қақпақ жинаған.
– Акция үш мәселені шешеді: экологиялық – пластик қоқысқа тасталмайды, тәрбиелік – балалар табиғатты қорғаумен қатар, айналадағы адамдарға мейірімді болуды үйренеді, қаржылық – қымбат емге мұқтаж балаларға материалдық көмек көрсетіледі. Пластикті өткізуден түскен барлық қаражат қайырымдылыққа бағытталады, – дейді М.Катаев атындағы оқушылар сарайының БАҚ-пен жұмыс жасау бөлімінің меңгерушісі Әсем Айыпова.
Айта кетсек, 13 қыркүйек күні оқушылар сарайында қақпақ жинау акциясының екінші кезеңі өтті.