Павлодарда мекеме ішінде шылым шеккен департамент басшысы ескерту алды

Павлодарда мекеме ішінде шылым шеккен департамент басшысы ескерту алды
Фото: Константин Шелков

Әдеп жөніндегі кеңес отырысында мемлекеттік мекеменің ішінде шылым шеккен басшыға қатысты мәселе қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Айта кетейік, 30 мамыр күні Telegram әлеуметтік желісіндегі парақшалардың бірінде Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Айбек Әлібаев мемлекеттік мекемеде темекі шеккені түсірілген видео тарады.  

– Ол күні отбасында бір мәселе шығып қалған еді. Мекеме ішінде келеңсіз әрекет жасағанымды толық мойындаймын. Сондай-ақ, тағайындалған жазаны өтедім, яғни, айыппұл төледім. Бұл жағдай енді қайталанбайды, – деп сендірді Айбек Әлібаев.

Отырыс барысында кеңеске қатысушылар жұмысты отбасылық жағдайлармен араластыруға болмайтынын айтып, ҚР Сауда және интеграция министрлігі аппаратының басшысына Айбек Әлібаевқа ескерту түрінде тәртіптік өндіріс тағайындауды ұсынды.