Павлодарда түрмеге телефон кіргізбек болғандардың әрекеті әшкере болды

Павлодарда түрмеге  телефон кіргізбек болғандардың әрекеті әшкере болды
Фото: :ЖИ

Аталған іс алдағы уақытта сотта қаралады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №63 мекемесінде сәлемдемені тексеру кезінде нан өнімінің ішіне жасырылған ұялы телефон табылды.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Іс материалдары сотқа жолдауға дайындалып жатыр.

Департаменттің мәліметінше, жыл басынан бері облыстағы мекемелерде тыйым салынған заттарды шай қаптамаларына, печенье қораптарына, шоколадқа, майлықтарға және құрылыс материалдарына жасырып өткізуге қатысты басқа да деректер анықталған.

Қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері мекемелерде белгіленген тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тыйым салынған заттарды өткізу әрекеттерінің алдын алу және жолын кесу жұмыстарын жалғастыруда.