Павлодарда ТЖД талабына бағынбаған қайық жүргізушісі айыппұл арқалады

Павлодарда ТЖД талабына бағынбаған қайық жүргізушісі айыппұл арқалады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қайықтағы балалардың қауіпсіздігі назарға алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қайық жүргізушісіне қатысты істі қарады.

Іс материалдарына сәйкес, 28 маусым күні сағат 21:30 шамасында Академик Сәтбаев көшесіндегі қайық станциясында су көлігін басқарған азамат Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті қызметкерінің қызметтік катерге мініп, медициналық куәландырудан өту туралы заңды талабын орындаудан бас тартқан.

Патрульдеу барысында ТЖД мамандары ішінде екі бала бар жеті адам отырған, шамадан тыс жүктелген қайықты анықтаған. Сонымен қатар, жолаушылардың тек екеуінде ғана құтқару кеудешесі болған. Тоқтау туралы заңды талап берілгеннен кейін қайық жағаға бағыт алып, межелі жерге жеткенімен азамат құжаттарын көрсетуден әрі қызметкердің нұсқауын орындаудан бас тартқан.

– Қызметтік киімдегі адамның төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері екеніне күмәнданғандықтан, оның талабын орындамадым. Жасаған ісіме өкінемін, – деді құқық бұзушы сот отырысында.

Істі қарау кезінде сот материалдарды, қатысушылардың түсініктемелерін және бейнежазбаны зерделеп, азаматтың кінәсі толық дәлелденді. Оның әрекеті ӘҚБтК-нің 667-бабының 1-бөлігі бойынша сараланды.

Жаза тағайындау барысында кінәні мойындауы мен жасаған әрекетіне өкінуі жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерілді. 

Нәтижесінде, айыпты тұлға кінәлі деп танылып, оған 90 825 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Қаулы заңды күшіне енді.