Қызметтік бабын пайдаланған: Павлодарда полицейге қатысты іс қаралды

Қызметтік бабын пайдаланған: Павлодарда полицейге қатысты іс қаралды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол сотталып кеткен адамның жазасын ақшамен жеңілдетемін деп уәде берген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар қаласының № 2 сотында ҚР ҚК 190-бабының 3-бөлігі 2-тармағы бойынша криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі қатысты қылмыстық іс қаралды. Яғни ол лауазымды тұлға бола тұра өзінің қызметтік бабын пайдаланып, алаяқтық, яғни алдау жолымен бөтеннің мүлкін жымқырған. 

Ол сотталған ер адамның сенімін теріс пайдаланып, оны жаңылыстырып, сотта жазаны ауыстыру жөнінде қаралып отырған материал бойынша бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны бас бостандығынан айыру түріндегі жазамен алмастырмау мәселесін 100 мың теңгеге шешуге уәде берген.

Сотта айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, іс бойынша жиналған дәлелдемелерді дауламады. Жәбірленуші сотталушыны бас бостандығынан айырмауды сұрады.

– Сот сотталушының кінәсінің толық мойындауын, жасаған әрекетіне өкінуін, жәбірленушіге келтірілген зиянды толық өтеуін, сондай-ақ асырауында жас баласы және жүкті әйелі бар екенін ескере отырып, жымқырылған мүліктің он еселенген сомасы мөлшерінде, яғни 1 000 000 теңге айыппұл түріндегі жаза тағайындады, – деді қалалық № 2 сотының баспасөз қызметінде. 

Сондай-ақ, сотталушы мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.