Екібастұз моноқала мәртебесінен қашан айырылады?
ҚР Ұлттық экономика министрлігі тиісті жұмыстарды қолға алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала әкімі Аян Бейсекиннің хабаралуынша, Екібастұз еліміздің шағын шаһарлары тізімінен келер жылдың қаңтарында шығарылуы мүмкін.
– Бұл мәселе былтыр республикалық деңгейдегі жиында талқыланды. Екібастұз ғылыми анықтамалар мен көрсеткіштерге сәйкес толыққанды қалаға айналып үлгерді. Бұған дейін мәселе салалық тәуелділік бағытында қарастырылды. Көмір өнеркәсібі, энергетикалық секторлардан бөлек өзге де экономикалық салалар қарқынды дамуда, – дейді Аян Бейсекин.
Әсіресе, металлургия саласы барынша дамып келеді. Биылдың өзінде екі инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта тағы екі металлургиялық кешеннің құрылысы қолға алынды. Нысандардың біреуі 2027 жылдың басында қолданысқа беріледі. Ол – Оңтүстік Корея инвесторларымен бірге жүзеге асырылатын ферроқорытпа зауыты. Екінші жоба шеңберінде төмен қоспалы болат өндірілді. Оның құны 1 миллиард теңгеден асады.
Аян Бейсекиннің айтуынша, бұл үш өндіріс ошағынан құралған ферроқорытпа кешені болмақ. Жалпы инвестиция көлемі –1,7 миллиард долларынан асады.
Жалпы, жыл басынан бері Екібастұз экономикасына 365,4 миллиард теңге инвестиция тартылды. Қазіргі таңда Екібастұз өңірінде жалпы сомасы 6,2 триллион теңгені құрайтын 25 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар аясында тоғыз мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған.
Биыл күзде Екібастұз өңірінде екі ірі металлургиялық жоба іске қосылды. «EkibastuzFerroAlloys» жобасының инвестиция көлемі 92 миллиард теңгені құрап, 800 тұрақты жұмыс орны ашылды. «Kazferro Limited» жобасына 30 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылып, 340 адам жаңа тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілді.