Павлодар тұрғыны: Ресейдегі Солтүстік флотта әскерде жүріп, домбырамен өнер көрсеттім
Павлодарлық Қайрат Шабанов 40 жылдан астам домбыраны жанына серік етіп келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгінде өңіріміздегі белгілі асаба Қайрат Шабанов бала кезден домбыраға үйір болып, 12 жасынан бастап ұлттық аспапта ойнай бастаған.
– Анам түрлі аспапта ойнайтын. Өзім музыкалық білім алған жоқпын. Барлығын есту арқылы үйрендім. Гитарада да ойнаймын. Ән айтамын, той басқарамын. Негізі мамандығым – дене шынықтыру мұғалімі. Мамандық бойынша 20 жыл еңбек еттім. 25 жыл асаба болып жүрмін, – деді Қайрат Шабанов.
Қайрат Шабанов – үш жыл әскер қатарында болғандардың бірі. Ресейдің Архангельск өңіріндегі Солтүстік флотта борышын өтеп жүріп, үйінен домбыра алдыртқан.
– Әскерде атомды су асты қайықта болдым. Дивизия командирі басшысы қазақ болды. Флотқа түскен кезімізде «жуырда концерт болады, өнерлерің болса қатысыңдар. Кім аспапта ойнай алады?» деді. Мен қол көтеріп, домбырада ойнаймын дедім. Ол кісі домбыраға жабыса кетті. Домбыраны алдырайық, үйіңе хат жаз деді. Ағам домбыра салып жіберіп, басшылардың алдында 5-6 ән айттым. Домбыра тартқан кезде барлығы жинала кететін, – деді Қайрат Шабанов.
Қайрат Шабановтың айтуынша, әскерде домбырамен қазақтың кім екенін көрсете білген. Жігіттердің рухы көтерілген. Отан алдындағы борышын өтеу мерзімін аяқтап, үйіне оралар кезде домбырасын бір қазақ жігітке табыстап кеткен.
Сондай-ақ 90-шы жылдары ел арасында кеңінен тараған Шынболат Ділдебаевтың «Шынболаттың шындығы» толғауын Павлодарда алғаш орындағандардың бірі – Қайрат Шабанов.
– Әскерде жүрген кезде Шынболаттың толғауы шықты. 43 шумақты әскерде жүргенде жаттап алдым. Борышымды өтеп жүріп екі рет үйге демалысқа келдім. Сол кезде Павлодардағы телеарнаға шақырып, сол толғауды орындағанмын, – деді Қайрат Шабанов.
Көпжылдық тәжірибесі бар өнерпаз домбыра күнін бұдан ертерек белгілеу қажет болғанын атап өтті. Оның айтуынша, Жапонияның дзюдо күресі сияқты өз ұлттық белгілері болса, қазақтың белгісі – осы домбыра.
– Домбыра күнін тойлаған өте дұрыс. Тәуелсіздік алғаннан бекітіп, атап өтіп жүру керек еді. Біздің ұлттық идеологиямыз болуы тиіс. Оған домбыра да кіреді. Домбыраны ойнаған кезде қазақтың сайын даласын, тауын, тойын елестетесің. Домбыраға жетер дүние жоқ. Домбырамыздың мәртебесі өсе берсін, – деді Қайрат Шабанов.
Айта кетейік, биыл 2 шілде күні Қазақстанда Домбыра күні аталып өтеді. 2018 жылы Мемлекет басшысының жарлығымен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгіленген болатын.