Павлодарлық білікті ұстаздар ауылдағы әріптестеріне тың тәсілдерді үйретті

Павлодарлық білікті ұстаздар ауылдағы әріптестеріне тың тәсілдерді үйретті
Фото: Павлодар облыстық білім беру басқармасы

Іс-шара «Қала-ауылға» инновациялық жобасы аясында өткізіліп, білім беру саласындағы жаңа тәсілдер мен әдіс-тәсілдерді бір жерге тоғыстырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернаты мен Баянауыл ауданының білім беру бөліміне қарасты мектептердің ұстаздары үшін «Оқушыларды пәндік олимпиадаларға дайындау жүйесі» тақырыбында онлайн конференция ұйымдастырылды. 

Гимназияның білікті пән мұғалімдері оқушыларды пәндік олимпиадаларға дайындаудың түрлі әдіс-тәсілдерін ортаға салды. Олардың тәжірибелері мен ұсыныстары мұғалімдер қауымының білім беру саласындағы өзара пікір алмасуы мен кәсіби дамуында маңызды рөл атқарды. Пән мұғалімдері өздерінің күнделікті тәжірибелерінде қолданатын әдістемелік құралдармен, оқулықтар мен әдебиеттер тізімімен бөлісіп, білім беру үрдісін жетілдірудің жолдарын талқылады.

Тәжірибелі ұстаздар оқушылардың пәндік олимпиадаларға дайындық деңгейін арттырудың тиімді жолдарын ұсынды.

Бұл іс-шараның нәтижесінде мұғалімдер олимпиадалық дайындықтағы теориялық және практикалық аспектілерді қарастырды. Сонымен қатар, жиында қолданылатын әдебиеттер мен оқулықтар тізімі, оқушылардың білім деңгейін көтеру жолындағы әртүрлі құралдар ұсынылды, – дейді облыстық білім беру басқармасында.

Мұндай шаралар мұғалімдерге пәндік олимпиадаларға дайындықтың әдіс-тәсілдерін жетілдіруге мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың өзара тәжірибе алмасуына да жол ашады.