Павлодарда Халықаралық балаларды қорғау күні қалай өтеді

Негізгі мерекелік шаралар қаланың орталық жағалауында өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстанда жыл сайын 1 маусымда Халықаралық балаларды қорғау күні аталып өтеді. Бұл күн мемлекеттік саясат пен елдің әлеуметтік өмірінде ерекше мәнге ие. Балаларға қамқорлық ұлттық басымдық ретінде айқындалған. Бұл туралы Мемлекет басшысы IV Ұлттық құрылтай отырысында ерекше атап өтті.
Биыл Балалардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп, Оқу-ағарту министрлігі «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын қабылдады. Тұжырымдама аясында мерекенің негізгі бағыттары анықталған.
– Мерекенің басты мақсаты – әрбір баланың өзін естілген, қорғалған және маңызды сезінуіне жағдай жасау, Бұл күн еліміздің бүгіні мен болашағы балалардың әл-ауқатына негізделетінін көрсетеді, – деп атап өтті Павлодар қаласының білім бөлімі.
Тұжырымдамаға сәйкес, 22–30 мамыр аралығында әр күн белгілі бір мағынаға ие. Бұл күндер денсаулық, отбасы, қауіпсіздік және бала құқықтарын қорғау тақырыптарына арналған. Атап айтқанда: «Әкем – тірегім, анам – жүрегім», «Полиция – балалардың қорғаны», «Балалардың сенімді дәрігері», «Балалар үні», «Кибер Тұмар», «Бала қауіпсіздігі – басты орында».
Аталған кезеңде Павлодар қаласының білім беру ұйымдарында ата-аналар, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау өкілдері мен төтенше жағдайлар департаментінің қатысуымен түрлі шаралар өткізіліп жатыр.
Мәселен, 22 мамыр күні №36 экологиялық бағыттағы мектепте «Әкем – тірегім, анам – жүрегім» бағыты аясында «Алма бағы» акциясы өтті. Оқушылар мен ата-аналар мектеп ауласында алма ағаштарының көшеттерін отырғызды.
23 мамырда футбол, шахматтан «Жас қорғаушылар кубогы» турнирлері ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Ertis Promenade» алаңында ІІМ кинологтары мен арнайы жасақ қызметкерлерінің көрсетілімдері мен тақырыптық фильм ұсынылды.
24 мамырда қалалық саябақ балаларға арналған шығармашылық пен қуаныш аймағына айналды. «Жігер» жасөспірімдер орталығы «Бала FEST» атты мерекелік фестиваль ұйымдастырды. Онда сурет салу, қолданбалы өнер, ұлттық нақыштағы гипс бұйымдарын бояу бойынша шеберлік сағаттары, этнокауым «Ұлы дала ойындары», спорттық жарыстар және «Балалық шақ – жарқын әлем» концерті өтті.
Мектептерде психологтармен кездесулер, шығармашылық көрмелер, экскурсиялар, «Полицейге хат», «Мен полицеймін» квесттері, «Қауіпсіз маршрут», «Қауіпсіз аула» акциялары және спорттық жарыстар өткізілуде. Барлық іс-шараларға 45 мыңнан астам оқушы қатысты.
27 мамырда мектептерде «Асфальттағы түрлі-түсті армандар» сурет байқауы мен «Менің болашағым» бейнероликтер парады ұйымдастырылды. Балалар өз армандары мен болашаққа деген жоспарлары туралы бөлісті.
29 мамырда «Ertis Promenade» алаңында құтқарушылар алғашқы көмек көрсету, түрлі төтенше жағдайларда қауіпсіз мінез-құлық ережелерін үйрету бойынша шеберлік сабақтарын өткізеді. Өрт сөндіру бөлімдері мен құтқару бекеттерінде заманауи құрал-жабдықтар мен дрондар көрсетілетін ашық есік күндері өтеді.
1 маусым күні Павлодар қаласының әкімі дарынды оқушылармен кездесіп, орталық жағалауда Балаларды қорғау күніне арналған ауқымды қалалық іс-шаралар өтеді.
2 маусымда қаладағы 32 мектепте 2-4-сынып оқушыларына арналған екі маусымнан тұратын күндізгі мектеп жанындағы лагерьлер жұмысын бастайды. Сонымен қатар, «Балдәурен» сыртқы оқу-сауықтыру лагерінде алғашқы жазғы маусым басталып, 150 бала демалатын болады. Жалпы, жаз бойы 1200 баланы қамтитын 8 маусым жоспарланған.