Павлодарлық компания дезинфекция нарығында қалай сенімді серіктеске айналды?
Кәсіпорын өз жұмысын 2013 жылы бастаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласында орналасқан «БО-НА» компаниясы бүгінде Қазақстандағы дезинфекциялық және фармацевтикалық препараттар өндіретін ірі отандық кәсіпорындардың біріне айналды. Ғылыми негізделген әзірлемелер, тұрақты сапа, өндірістік тәртіп пен нарық сұранысына икемділік – компания дамуының басты тірегі.
Алғашқы кезеңде өндіріс көлемі шағын болғанымен, жыл сайын қуаттылық артып, бүгінде компания жылына шамамен 600 тоннаға дейін дезинфекциялық құрал шығара алады. Пандемия кезеңінде өндіріс көлемі айтарлықтай ұлғайған, ал қазіргі таңда кәсіпорын тұрақты жұмыс ырғағына көшкен.

Компания өндірісінің негізінде – зияткерлік меншік пен ғылыми әзірлемелер жатыр. Барлық өнімдер кәсіпорынның жеке рецептуралары бойынша дайындалады.
– Мен химикпін, бұл салада ұзақ жылдан бері еңбек етіп келемін. Өндіріс – менің өмірім. Біздің барлық өнімдеріміз өзіміздің зияткерлік меншігімізге негізделген. Ғылыми жобаны әзірлеп, оны тәжірибеден өткізіп, кейін өндіріске енгіземіз, – дейді кәсіпорынның өндірістік жетекшісі Борис Шаров.
Қазіргі таңда компанияда 65-ке жуық қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде өндіріс мамандары, зертхана қызметкерлері, технологтар және Қазақстанның әр өңірінде жұмыс істейтін коммерциялық бөлім өкілдері бар. Павлодардағы өндірістік алаң арқылы кәсіпорын еліміздің барлық аймағын қамтып отыр.

Бүгінде өндірістік қуаттылық 30-дан астам атаудағы дезинфекциялық препараттарды шығаруға мүмкіндік береді. Ассортимент құрамына медициналық құралдарды стерилизациялауға арналған дайын ерітінділер, тері антисептиктері, жоғары ластанған құралдар мен беттерге арналған концентраттар, операциялық бөлмелерге арналған арнайы құралдар, жуғыш және ағартқыш қасиеті бар таблеткаланған хлорлы препараттар, дезинфекциялық сулықтар және тұрмыстық мақсатта қолданылатын құралдар кіреді.
Барлық дезинфекциялық құралдар Кеден одағы елдерінде ресми тіркелген және сапа мен қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді. Компания мәліметінше, өнімдерге Қазақстанның барлық өңірінен 1000-нан астам оң пікір алынған.

– Негізгі тұтынушылар қатарында облыстық және қалалық ауруханалар, туберкулезге қарсы диспансерлер, психиатриялық мекемелер, жеке клиникалар, стоматология орталықтары бар. Сонымен қатар ветеринария саласына арналған бірнеше өнім түрі шығарылады, дегенмен бұл бағыттағы нарық көлемі әзірге шектеулі, – дейді Борис Шаров.
Компания дамуы барысында мемлекеттік қолдауды да пайдаланған. 2018 жылы кәсіпорын Фонд Даму арқылы қолдау алған. Бағдарлама аясында пайыздық мөлшерлеме субсидияланып, кепілдік жетіспеген жағдайда қор тарапынан кепілдік берілген. Бірнеше транш арқылы 50 миллион теңгеден жоғары қаражат тартылып, өндірістік желілерді дамытуға бағытталған. Несие бес жыл мерзімге рәсімделіп, бүгінде толық өтелген.
Компания басшылығы алдағы уақытта қарыз қаражатына жиі жүгінбеуді жоспарлап отыр. Негізгі басымдық – ғылыми жобаларды іске асыру, гранттар тарту және әзірлемелерді коммерцияландыру.
Жақында Павлодардағы кәсіпорында дезинфекциялық сулықтар өндіретін жаңа желі іске қосылды. Өнім толықтай компания өндірісінде дайындалады. Шикізаттың басым бөлігі Қытай, Ресей және Өзбекстаннан жеткізіледі. Қазақстанда химиялық өндіріс базасы шектеулі болғандықтан, отандық шикізат ретінде негізінен этил спирті ғана пайдаланылады.
Бұған дейін компания негізінен көтерме саудамен айналысқан. Орташа көтерме баға бір өнімге үш-алты мың теңге аралығында. Алайда медициналық мекемелердегі қаржыландырудың тұрақсыздығы мен төлемдердің кешігуі компанияны бөлшек сауда нарығына шығу туралы шешім қабылдауға итермелеген. Қазіргі таңда маркетплейстер арқылы өнімді бөлшек форматта ұсыну жоспарланып отыр.
– Біз адал бәсекеден қорықпаймыз. Өнімдеріміз барлық қажетті сынақтардан өткен. Кейде негізсіз шағымдар да болады, бірақ біз заң аясында өз ұстанымымызды қорғаймыз, – дейді Борис Шаров.
Өңірде қалыптасқан өндірістік алаң бүгінде тек бизнес жобасы емес, ғылым мен тәжірибенің үйлескен нәтижесі ретінде бағаланып отыр. «БО-НА» алдағы уақытта да жаңа өнім түрлерін шығарып, ішкі нарықтағы үлесін арттыруды көздейді.