Павлодарлық университет ғалымдары қомақты гранттық қаржыландыруға ие болды

Павлодарлық университет ғалымдары қомақты гранттық қаржыландыруға ие болды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жеңімпаздар қатарында металлургия, энергетика, экология, ауыл шаруашылығы мен IT салаларын қамтитын сегіз жоба бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Торайғыров университеті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі 2025–2027 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыру конкурсының нәтижелерін жариялады. Жеңімпаз жобалар қатарынан Торайғыров университетінің ғалымдары әзірлеген сегіз жоба да орын алды.

ToU жобаларына бөлінген гранттық қаржыландырудың жалпы көлемі 880,5 миллион теңгеден асты. Жеңімпаз жобалар заманауи технологиялар мен өндірістің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған, әрі ғылыми әлеуетті арттыруға зор үлес қоспақ.

Грант иегерлері және жобалары:

  • Алексей Богомолов – «Металлургия» кафедрасының профессоры. Жобасы: «Тұйық цикл жағдайында кешенді металлургиялық қайта өңдеу кезеңінде болат пен ферроқорытпалардың тұтынушылық қасиеттерін арттыру»;
  • Асылхан Маздубай – «Механика және мұнай-газ ісі» кафедрасының меңгерушісі. Жобасы: «Күрделі құрылымды кен орындарына арналған бұрғылау құралдарының конструкциясын жетілдіру және тозуға төзімділігін арттыру»;
  • Қайратолла Әбішев – Инженерия факультетінің деканы. Жобасы: «Автоматты аккумуляторлық батареясы бар біріктірілген энергетикалық қондырғысы бар көлік құралын әзірлеу және зерттеу»;
  • Амангелді Карманов – «Жылуэнергетика» кафедрасының меңгерушісі. Жобасы: «Жанғыш заты аз органикалық қалдықтарды кәдеге жарату процестерін зерттеу және оларды жағу арқылы жылу өндіретін құрылғыны әзірлеу»;
  • Бауыржан Машрапов – «Электроэнергетика» кафедрасының профессоры. Жобасы: «Қазақстандағы атом электр станциясындағы электр схемасындағы есепке алынбаған ақаулар салдарынан туындауы мүмкін апаттардың алдын алу және оларды оқшаулау»;
  • Софья Масақбаева – «Химия және химиялық технологиялар» кафедрасының меңгерушісі. Жобасы: «Полимер қалдықтарын термопластикалық өңдеу арқылы композиттер жасауға қатысты химиялық-технологиялық аспектілер»;
  • Төлеген Асанбаев – «Зоотехнология және ветеринария» кафедрасының профессоры. Жобасы: «Қазақтың жергілікті тұқымды жылқыларының төрт экотипінің генетикалық алуантүрлілігін толық геномды секвенирлеу арқылы зерттеу»;
  • Булат Жұмаділов – доцент. Жобасы: «Гиперспектралды түсірілім мен LiDAR синергетикалық интеграциясы және компьютерлік көру технологиялары арқылы бидай агроценозын интеллектуалды бақылау жүйесін әзірлеу».

Бұл жетістік Торайғыров университетінің ғылыми әлеуеті мен зерттеу бағыттарындағы сапалы ілгерілеудің айқын дәлелі. Университет ұжымы грант иегерлерін шын жүректен құттықтап, барлық жобаларға сәтті жүзеге асуын тілейді.