Болашақтың металлургиясы: павлодарлық ғалымдар қалдықтарды ресурсқа айналдырады
Осы мақсатта Павлодарда заманауи металлургиялық процестер зертханасы ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
PhD докторы, Торайғыров университеті металлургия кафедрасының қауымдастырылған профессоры Алмаз Қуандықовтың айтуынша, кешенді зерттеулер жүргізу үшін 39 құрылғы сатып алынған. Зертхана жұмысы қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған, бұл өнеркәсіптік аймақ үшін ерекше маңызды.
– Біз кез келген металлургиялық кәсіпорынның қалдықтарын қайтадан өндіріске енгізуге ұмтыламыз. Әлемдік үрдіс осындай. Қайта өңдеу процесін енгізіп, табиғи ресурстардың бір бөлігін пайдалануға жарамды материалдармен алмастыру қажет. Мысалы, өңірде өндірілген өнімнен соң шлак түріндегі материал қалатын кәсіпорын бар. Оны пештен шыққаннан кейін ол қайтадан қолданылып, өңдеу мен жуу арқылы жол құрылысына қажет материалға айналдыруға болады, – дейді ғалым.

Осылайша, зерттеушілер табиғи ресурстарды үнемдеуге көмектеседі. Бұған дейін Алмаз Қуандықов қалдықтарды қайта өңдеу жобасына «Жас ғалым» бағдарламасы бойынша 23 миллион теңге грант алған.
– Мен докторлық диссертациямды «Алғашқы алюминийді ванадий қоспаларынан тазарту технологиясын әзірлеу» тақырыбында қорғадым. Қазір кен сапасы төмендеп барады. Егер жиырма жыл бұрынғы құрамды қазіргімен салыстырсақ, сарқылу байқалады. Біз шикізатты байыту жолдарын іздеудеміз. Павлодар облысындағы алюминийде көбіне ванадий көп болады, оны дәстүрлі әдістермен шығару қиын. Химиялық жағдай жасау керек: ванадий сүзгіде қалып, алюминий тазаланып өтуі тиіс. Сүзгіні біз Екібастұз көмірінің күлінен жасап, ұнтақтап құрылыс материалы ретінде қостық, – деп түсіндірді Алмаз Қуандықов.

Пилоттық тәжірибелер зерттеудің өзектілігін дәлелдеді. Нәтижесінде сапасы жоғары ауыр бетон алынды.

Жаңа зертхананың жұмысымен Қазақстан Республикасы жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек танысты. Ол салалық ведомство құрылғаннан бері елдегі ғылыми зерттеулер саны 22 мыңнан 27,5 мыңға дейін өскенін атап өтті.
– Біздің міндет – кадрларды ұстап қалу және ғалымдарға қолдау көрсету. Ең бастысы – қолданбалы ғылымды дамыту. Қалдықтарды қайта өңдеуге қазір ерекше көңіл бөлінуде. Әлемде миллиардтаған тонна жиналып қалған, бұрын ешкім мән бермеді, себебі кеннің концентрациясы жоғары болатын. Қазір қалдықтан сирек және негізгі металдарды алу тиімді. Бұрын байыту бағытында жұмыс істесек, енді шлак қалдықтарын қайтаруға бағыт аламыз. Біз кәсіпорындармен бірлесіп жұмыс істейміз, – деді министр.
Ол ғалымды ғылымға қосқан үлесін атам өтіп, дәл осындай мамандар қоғамның нағыз қаһармандары болуы тиіс екенін тілге тиек етті.