Tomorrow School: Павлодарда заманауи ЖИ мектебі қайда ашылады?
Облыс орталығында алғашқы жасанды интеллект мектебі peer‑to‑peer форматында жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мұнда оқытушылар болмайды. Tomorrow School Торайғыров университетінің жеке ғимаратында орналасады.
Жоғары оқу орнының проректоры, стратегиялық даму, халықаралық ынтымақтастық және цифрландыру жөніндегі басқарма мүшесі Салтанат Әубәкірова атап өткендей, жоба ҚР Цифрландыру мен Ғылым және жоғары білім министрліктерінің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Мұндай мектептер Қазақстанның барлық өңірлерінде ірі жоғары оқу орындары базасында ашылады.
– Біздің университет 470 шаршы метрді бөліп берді. Мектеп тәулік бойы ашық болады. Мұнда кез келген адам келе алады, жас шектеуі жоқ. Шәкірттердің қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Ғимаратта қолжетімділікті бақылау жүйесі іске қосылады, – деді Салтанат Әубәкірова.
Облыс әкімдігі тарапынан 50 қуатты компьютер, соның ішінде арнайы iMac құрылғылары және жасанды интеллекттің түрлі бағыттары бойынша оқытуға арналған лицензиялық бағдарламалар беріледі. Қазір жөндеу жұмыстары, жиһаз орнату және ұйымдастыру шаралары жүргізілуде.
– Білім беру жасанды интеллектті дамытуға, цифрлық технологияларды ілгерілетуге және павлодарлықтардың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталады. Оқыған соң сертификат алуға болады. Бұл қызмет тегін, – дейді проректор.
Tomorrow School еліміздің барлық өңірінде ақпан айының екінші жартысында бір мезгілде іске қосылады. Ашылу рәсімі телекөпір форматында өтеді.
Еске сала кетейік, мектептің ашылатынын бұған дейін өңір басшысы Асайын Байханов қоғамдық кеңес мүшелерімен есептік кездесуде жариялап, 2026 жылға арналған негізгі міндеттерді атап өткен болатын.