Павлодарлық жас әнші махаббат жайлы жаңа әнін шығарды
Жас әнші Шыңғыс Асығатұлы ән тарихы өзі өмірінен алынғанын атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұған дейін бірқатар ірі ән байқауларының жеңімпазы атанған павлодарлық Шыңғыс Асығатұлы «Сендегі» атты жаңа әнін жарыққа шығарды.
Махаббат жайлы туындының әнін жас әнші өзі жазған. Сөзі белгілі ақын Айбек Оралхандікі. Шыңғыс жаңа әннің шығу тарихы жайлы айтып берді.
- Бір күні Таңжарық досым үйіне шақырды. Гитараны алып ойнай бердім, бір кезде терезеге қарай отырып бастапқы әннің жолдары сөзімен шыға бастады. Бірақ кейін ойы өзгертіліп жазылды. Ән тарихы өз өмірімнен алынған, - деді жас әнші.
Шыңғыс Асығатұлы ән жазылған соң орындаушысы өзі болатын білмегенін айтты.
- Бір әншіге тарту етермін деп ойлағанмын, бірақ бірінші Алла сосын асқар тау әкем бұл әннің жарыққа шығуына көмегін тигізді, - деді өнерпаз.
Бұл күнде 16 жастағы Шыңғыс Асығатұлы Алматыдағы Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің 1-курсында білім алуда.