Павлодарда жаңа ипподром республикалық турнирмен ашылады
Классикалық бәйгелерден республикалық «ERTIS-BAYAN CUP» турнирі ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы өңір басшысы Асайын Байханов мәлімдеді.
Спорттық шара 20 маусым күні сағат 10:00-де Шарбақты көпірінің арғы жағында орналасқан жаңа ипподром аумағында басталады.
Өңір басшысының айтуынша, жаңа нысан ұлттық спортты дамытуға және жылқы шаруашылығы мәдениетін қолдауға бағытталған.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құндылықтарды сақтауға және төл спортымызды кеңінен насихаттауға айрықша көңіл бөлуде. Жаңа ипподром – өңірдің спорттық инфрақұрылымын жетілдіруге және жылқы шаруашылығы мәдениетін дамытудың маңызды қадамы, – деді Асайын Байханов.
Турнирге Қазақстан, Қырғызстан және Ресейден келген шабандоздар мен сәйгүліктер қатысады. Бағдарлама аясында классикалық бәйгелермен қатар ұлттық көрмелер, театрландырылған қойылымдар, бағалы сыйлықтар ұтысы және қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт ұйымдастырылады.
Көрермендердің қолайлығы үшін іс-шара өтетін орынға арнайы тегін автобустар қатынайды.