Павлодарлықтардың тұтынушылық мәдениеті артуда
Бұған құзыретті органға түскен өтініштер саны дәлел, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сөйлеген ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Қабдушев биыл өңір тұрғындарынан түскен өтініштер санының 600-ге жеткенін жеткізді. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 100-ге артқан.
- Бұл тұтынушылар мәдениетінің артқанын көрсетеді. Өтініштердің 40 проценті жазбаша, 26-сы – телефон арқылы келіп түседі. Хаттардың 70 проценті сауда саласына қатысты. Оларды оңдеу қорытындылары бойынша тұтынушыларға 20 миллион теңге қайтарылды, - дейді Дәулен Қабдушев.
Биылғы мамыр айынан бастап аталмыш саладағы мемлекеттік бақылау қызметі сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүктелді. Басты бағыт – әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарларына қойылатын үстеме. Тауарлардың жалпы саны 19, қалғанының бағаларын заң реттемейді.
- Осы орайда әрбір тауардың өзіндік ерекшеліктерінің барлығын да ұмытпау керек. Мысалы, сүтті алсақ, ол міндетті түрде майлылығы 2,5 проценттік және жұмсақ қаптамада болуы шарт. Айранға да осындай талап қойылған, - дейді Дәулен Қабдушев.
Нан әлеуметтік болып саналуы үшін ол міндетті түрде формалық және бірінші сұрыптағы ұннан пісірілуі керек, қарақұмық, рожки – таразыланған, күріш домалақ дәнді, тұз «Экстрадан» басқасы болуы тиіс. Әлеуметтік сиыр еті жауырын немесе төс, ал тауық еті санынан алынуы шарт.
Шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге қойылған мораторий себепті департамент қызметкерлері сауда нүктелерін орынсыз аралай алмайды. Ол үшін негіздеме болуы керек. Негіздеме ретінде тұтынушылар өтініші әбден жарайды. Тұрғындар өз өтінішінде түбіртек, баға көрсеткішінің фотосы мен дүкен мекенжайын көрсетуі керек. Тұтынушы бағаның негізсіз көтерілгенін дәлелдеуі үшін екінші дүкендегі сондай тауардың бағасын көрсету арқылы дәлелдей алады.
Мемлекеттік орган биыл сауда орындарында 25 тексеру өткізіп, 15 кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
Тұрғындар Генерал Дүйсенов, 9 мекенжайы немесе 55-10-70 телефоны арқылы кеңес ала алады. Өтініштер eOtinish.kz порталы яки департамент ғимаратында қабылданады.
Фото: Константин Шелков