Павлодарлық капитан: Кадет туралы кино көріп, әскери адам болуды армандадым
Алтынбек Габдуллиннің мамандығы – «Ішкі әскерге тактикалық басшылық», деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
10 қаңтар – ҚР «Ұлттық Ұланның құрылған күні. Аталған датаға орай № 5512 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы екінші батальон командирінің орынбасары - штаб бастығы, капитан Ұлттық ұлан қатарына қалай келгені жайлы айтып берді.
– 1994 жылы Қостанай облысы Ленин ауданының Суворов ауылында дүниеге келгенмін. Ұлттық ұлан қатарына 2011 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданындағы Пресновcк орта мектебін бітіріп, Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан жоғары әскери институтына оқуға түстім, – дейді ол.
Штаб бастығы төрт жыл көлемінде казармалық үй жайында оқыған. 2015 жылы ҚР Ұлттық ұланның жоғары әскери институтын бітіріп, алғашқы бірінші әскери лейтенант шенін алған.
Бала кезінен офицер, әскери адам болуды армандаған және әскери өмір туралы кинолар жанына жақын болған.
– Мектепте оқып жүргенде «Кадетство» деген киноны көріп қызығып, курсант, офицер боламын, еліме қызмет етемін деп мақсат қойған едім. Бұған қоса, үлкен ағаларымның барлығы жан-жақта Қарулы күштерде қызмет атқарады. Соларға қарап, әскери адам болуға бет бұрдым, – дейді Алтынбек Габдуллин.
Штаб бастығы Ұлттық ұлан қатарында қызмет етуге ниетті жастардың бойында бірінші кезекте Отанына, туған еліне деген сүйіспеншілік пен сабырлық, ата-анаға деген қамқорлық сезімдері болуы тиіс екенін айтады.
– Әскери тәртіпті біліп, оны сақтай білу керек. Ұлттық ұланның академиясын бітіріп шыққан жас офицерлерге айтарым: алға қойған мақсатқа жету үшін бар күш-жігерді салып, білімді аттыру керек, – дейді Алтынбек Габдуллин.
Ол жуырда «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында өткізілген «Үздік штаб бастығы» байқау-конкурсының үшінші кезеңінде екінші жүлделі орынға ие болды.
– Байқаудың бірінші кезеңі әскери бөлімдерде, екінші кезеңі өңірлік қолбасшылықта және үшінші кезең Астанада Ұлттық ұланның бас қолбасшылығында өтті. Бірінші және екінші кезеңдерде бірінші орын иегері атанып, үшінші кезеңге жолдама алдым. Топта барлық өңірлік командалар штабтарының үздік бастықтары қатысты, – дейді Алтынбек Габдуллин.
Байқау барысында қатысушылар физикалық дайындық пен практикалық оқ ату, теориялық білім бойынша сынақтан өтті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықпен және ақшалай сыйақымен марапатталды.